Алматыда жартылай марафон кезінде екі адам қайтыс болды

Бүгін, 17:18
Айман Нығмет Айман Нығмет
Алматыда жартылай марафон кезінде екі адам қайтыс болды
фото: freepik.com

Алматыдағы Almaty Half Marathon шарасы кезінде екі адам көз жұмды. Оның бірі - 84 жастағы Аққоян Рсалиев болса, екіншісі 21 жастағы Нұрбол Ахмади, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, екеуі де жартылай марафонда белгіленген арақашықтықты жүгіруге қатысқан (21,1 км) және Алматыдағы жүгіруге арналған шаралардың тұрақты қатысушысы еді. 

«Ұйымдастырушылар регламентке сай әрекет етті: медициналық қызметтер, жедел қызметтер және полиция жедел және уақытылы қызмет көрсетті. Алайда қолға алынған шараларға қарамастан, қатысушылардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады»,- делінген хабарламада.

Жартылай марафон 20 сәуірде таңертең Тұңғыш президент саябағынан Орталық стадионға дейінгі бағыты бойынша өтті. Аққоян Рсалиев 2021 жылдан бері тұрақты түрде жүгіру шараларына қатысып келеді. Бұған дейін Almaty Half Marathon және Almaty Marathon шараларында 21,1 км және 10 км арақашықтықты еңсерген. 

Бүгінгі жартылай марафонның алғашқы километрінде Әл-Фараби даңғылының бойында ер адам кенеттен өзін жайсыз сезініп, бір минуттан соң оған жедел жәрдем бригадасы көмекке келген. Ол кезде жүрек соғысы болмаған. 

«Сағат 8:15-те ПД қатысушы құлап қалғанын мәлім етті. Жедел жәрдем бір минуттың ішінде жеткен кезде, жүрек соғысы болмаған. Реанимациялық шаралар хаттамаға сай жасалды. Алдын ала қорытынды бойынша оған өкпе артериясының тромбоэмболиясы деген диагноз қойылған. Онда созылмалы артериалды гипертензия болған», - деп хабарлады 2/51 бригаданың дәрігері Әлібек Қожаназаров. 

Жартылай марафонда көз жұмған екінші адам - Нұрбол Ахмади. Ол да бұған дейін Winter Run 2025 шарасында 10 км арақашықтыққа жүгіруге қатысқан. Астана мен Алматыда өтетін жартылай марафонға, сонымен бірге Алматыдағы марафонға тіркелген. 

Бүгін Алматыдағы жартылай марафонның 16-километрінде ол есінен танып қалған. Оқиға орнына келген дәрігерлер реанимациялар шаралар жасаған. Алайда бригада келгенше ол бақилық болған. 

"9:18-де оқиға орнына жеткен кезде ұйқы артериясында жүрек соғысы сезілмеген, тыныс алу тоқтаған, қан қысымы нөлге тең болды. Ренаимациялық шаралар хаттамаға сай жасалды. Нәтиже болмады. 103 бригадасы келгенше ол жан тапсырды. Алдын ала диагноз - өкпе артериясының тромбоэмболиясы, жедел жүрек жеткіліксіздігі", - деп пікір білдірді 8/58 бригада дәрігері Әйгерім Есдәулетова. 

Дәрігерлер қатысушылар өлімі сот-медициналық сарапатамадан соң анықталатыны және оның нәтижелерін жақын арада марқұмдардың туыстарына хабарлайтынын жеткізді. 

"Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қордың атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева аталған жайтқа пікір білдірген. 

"Жүгіру шарасында қатысуға тіркелу кезінде барлық қатысушы физикалық тұрғыда спорттық шараға қатысуға дайын екенін және өз денсаулығыны үшін толықтай жауапкершілік алатыны туралы қолхат жазады. Бұл осындай марафондар өткізу кезіндегі әлемде қолданылатын тәжірибе. Almaty Marathon қатысушыларына арнап біз жыл бойы тұрақты түрде қауіпсіз жүгіруге дайындалу тақырыбында сарапшыларды шақырып, тегін ашық жаттығулар мен дәрістер өткіземіз. Шара басталатын күні тамақтану орындарында жедел көмек көрсету үшін барлық қажетті жабдығы бар медициналық ұжым отырады. Жүгіру бағыттарын алдын ала және мұқият түрде ПД, жедел жәрдем бригадалары талқылайды", - деді ол. 

Қор марқұмдардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ұйымдастырушылар олардың отбасымен хабарласып, материалдық көмек көрсетуді жоспарлап отыр.