20 қыркүйекте елордадағы Ботаникалық бақта БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастыратын UNICEF Charity Run 2026 қайырымдылық жүгіру марафоны өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара балаларды қолдауға және Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Жиналған қаражат ЮНИСЕФ-тің осы бағыттағы бағдарламаларын қолдауға жұмсалады.
UNICEF Charity Run – әлемнің ірі қалаларында өткізіліп келе жатқан қайырымдылық жүгіру дәстүрінің жалғасы. Астана биыл бұл халықаралық бастамаға алғаш рет қосылып отыр.
Қатысушылар үшін 2, 5 және 10 шақырымдық үш қашықтық қарастырылған. 2 шақырымдық жүгіруге 7-15 жас аралығындағы балалар тегін қатысады. 5 және 10 шақырымдық қашықтыққа 16 жастан асқан азаматтар қатысады. Балалар мен мүгедектігі бар адамдарды тіркеу ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы платформалары арқылы жүргізіледі.
Бағдарлама 20 қыркүйекте сағат 08:00-де басталады. 10 шақырымдық қашықтыққа жүгіру сағат 09:00-де, 5 шақырымдық жарыс 09:10-да, ал балалар арасындағы 2 шақырымдық жүгіру 09:15-те басталады. Балалар үшін сағат 08:30-дан 12:00-ге дейін арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады.
Жүгіру жиынтықтары 18-19 қыркүйекте 09:00-ден 20:00-ге дейін Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде беріледі. Басқа қалалардан келгендер жиынтығын 20 қыркүйек күні сағат 07:00-ден 08:00-ге дейін ала алады.
Іс-шараны Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Спортты қолдау қоры және ЮНИСЕФ бірлесіп ұйымдастырады. 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарға тіркелу Freedom Ticketon платформасы арқылы жүргізіледі.
Еске сала кетсек, ертең Астанада «Jana men kùz run» бұқаралық күзгі жүгіру жарысы өтеді.