Елімізде 10 мыңнан астам жүргізушінің куәлігін қолдану тоқтатылды

Елімізде 10 мыңнан астам жүргізушінің куәлігін қолдану тоқтатылды
Фото: Абай облысы ПД

Цифрлық талдау нәтижесінде медициналық көрсеткіші бойынша 10 мыңнан астам жүргізуші куәлігін қолдану тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігі, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау барысында денсаулығындағы кінәратына байланысты көлік басқаруға болмайтын азаматтар анықталды.

Денсаулық сақтау министрлігі динамикалық медициналық бақылауда тұрған және көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтар туралы мәліметтерді ұсынды.

Осылайша дерек алмасуды цифрландырудың нәтижесінде 10 мыңнан астам адамның жүргізуші куәлігін қолдануы тоқтатылды.

«Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады. Көлік басқаруға болмайтын аурулар тізбесі нозологияның сегіз түрін қамтиды», -  деді денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу кезінде медициналық куәландыру процесі де цифрландырылды. Медициналық анықтама электронды форматқа көшіріліп, медициналық комиссия қорытындысы ақпараттық жүйеде көрсетіледі.

Еске салсақ, Астанада 306 рет жол ережесін бұзған жүргізуші 10 тәулікке қамалды.