Астаналық балабақшада бала қауіпсіздігі мен ата-ана жауапкершілігі талқыланды

Бүгін, 11:53
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астаналық балабақшада бала қауіпсіздігі мен ата-ана жауапкершілігі талқыланды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласындағы №38 «Шаттық» балабақшасында «Отбасы, балабақша және заң: өзара сенім мен тәртіп негізі» тақырыбында диалогтық алаң өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және алдағы Отбасы күніне орай ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – отбасы мен мектепке дейінгі ұйым арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту, бала құқықтары мен қауіпсіздігіне қатысты заң талаптарын түсіндіру, сондай-ақ ата-ана мен педагог арасындағы серіктестікті дамыту.

Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Айжамал Исабекованың айтуынша, мұндай кездесулер баланың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуде отбасы мен балабақшаның бірлескен жұмысының маңызын арттырады.

«Бүгінгі іс-шара отбасы мен мектепке дейінгі ұйым арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Балаға тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-ана мен педагог бір бағытта жұмыс істеуі керек. Бүгінгі кездесуге Алматы ауданы прокуратурасының өкілдері, әдіскерлер, спикерлер, қосымша білім беру орталығының мамандары және ата-аналар қатысты», – деді ол.

Диалогтық алаң барысында «Заң мен тәртіп: қауіпсіз балалық шақтың негізі», «Баланың қауіпсіз ортасын қалыптастырудағы балабақшаның рөлі» тақырыптарында баяндамалар жасалды. Сонымен қатар қатысушыларға «Сенім көпірі: қауіпсіз балалық шаққа бірге қадам» атты психологиялық тренинг ұйымдастырылды.

Кездесу кезінде «Отбасы, балабақша және заң: өзара сенімді қалай қалыптастырамыз?» тақырыбында ашық диалог өтіп, бала қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылық, ата-ана мен педагогтің тиімді серіктестігі мәселелері талқыланды.

Алматы ауданы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Ботагөз Секенова «Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен отбасындағы күнделікті тәртіп пен бала қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктен басталатынын атап өтті.

«Заң мен тәртіпті» тек құқықбұзушылық пен жауапкершілік тұрғысынан қабылдамауымыз керек. Ол ең алдымен отбасынан, күнделікті тәртіптен, баланың қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктен басталады. Ашық терезелер, дәрі-дәрмектер, электр құралдары, ыстық су, өткір заттар, жол қозғалысы, ойын алаңдары мен су айдындары – күнделікті өмірде кездесетін қарапайым нәрселер болғанымен, балалар үшін қауіп көзі болуы мүмкін. Сол себепті бала қауіпсіздігі мәселесінде қайғылы жағдайдың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алу маңызды. Жалпы, Алматы ауданы бойынша 9 ай ішінде, өкінішке қарай, бір қайғылы жағдай тіркелді. алты жасар бала 7-қабаттан құлап, ауруханада көз жұмды. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын баладан емес, өзімізден бастағанымыз дұрыс», – деді Ботагөз Секенова.

Іс-шара соңында қатысушылар бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен отбасылық жауапкершілікті арттыру бойынша пікір алмасып, «Бір пікір – бір шешім» қағидаты негізінде қорытынды жасады.

Еске салсақ, Астана прокуратурасы ата-аналарды балаларымен бірге «Тоғыз тағдырды» көруге шақырды.