Астана прокуратурасы ата-аналарды балаларымен бірге «Тоғыз тағдырды» көруге шақырды

Астана прокуратурасы ата-аналарды балаларымен бірге «Тоғыз тағдырды» көруге шақырды
Коллаж: Elordainfo.kz//t.me/GenPr

Астана прокуратурасы ата-аналар мен балаларды отбасымен бірге «Заң мен тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында түсірілген «Тоғыз тағдыр» әлеуметтік-профилактикалық шағын сериалын көруге шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бастама «Байқоңыр» ауданының прокуратура қызметкерлерінің ұсынысымен қолға алынған. Мини-сериалда балалар мен жасөспірімдерге қатысты маңызды мәселелер көтеріліп, олардың алдын алуға бағытталған әлеуметтік тақырыптар қамтылған.

«Байқоңыр» ауданының прокуратура қызметкерлері өте маңызды мәселені көтеріп, «Тоғыз тағдыр» шағын сериалын түсіруді ұсынды. Біз бұл бастаманы қолдадық. Сондықтан ата-аналарға балаларымен бірге осы сериалды көруге кеңес береміз», – деді Астана қаласы прокуратурасы аппаратының басшысы Шынар Әбжанова. 

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, сериалды балалармен бірге көру ата-ана мен бала арасындағы ашық әңгімеге себеп болып, жасөспірімдер тап болуы мүмкін қауіптердің алдын алуға ықпал етеді.

Сериал 9 бөлімнен тұрады. Әлеуметтік жобада кәмелетке толмағандардың күнделікті өмірі, соның ішінде құрбы-құрдастарының ықпалы мен ойланбай жасалған әрекеттердің салдары көрсетіледі.

Аталған сериал өскелең ұрпақты күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға, құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін орны толмас қателіктерден сақтануға шақырады.

Бұған дейін елордалық мектептер мен колледждерде профилактикалық дәрістер өтіп жатқанын жаздық.