Ұшақта абайсызда айтылған бір ауыз сөз рейсті кешіктіруі мүмкін
Ұшақ бортында «бомба», «жарылыс», «қару», «террорист» сияқты сөздерді әзіл ретінде айтудың өзі рейстің кешігуіне және жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл туралы Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мұндай сөздер күнделікті өмірде жай әңгіме немесе әзіл ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда авиацияда кез келген ықтимал қауіп туралы ақпаратқа барынша байыппен қаралады. Экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері оның әзіл немесе нақты қауіп екенін бірден анықтай алмайды.
Мәселен, Алматы – Ақтау бағытындағы рейстердің бірінде жолаушы «бомба» деген сөз айтқан. Осыдан кейін авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері мен көліктік полиция шақырылып, ер адам рейстен түсірілген. Соның салдарынан әуе кемесінің ұшуы екі сағатқа жуық уақытқа кешіктірілген.
Мұндай жағдайда қауіпсіздік рәсімдері дереу іске қосылады. Әуе кемесі мен багаж тексеріліп, арнайы қызметтер тартылады. Қажет болған жағдайда жолаушыларды эвакуациялау немесе әуежайдың жекелеген аймақтарына кіруді шектеу шаралары қабылдануы мүмкін.
Бұл өз кезегінде рейстің кейінге қалуына, әуе кемесі немесе экипажды ауыстыруға және жолаушыларға қайта қызмет көрсетуге әкеледі. Яғни бір адамның абайсыз сөзі басқа жүздеген жолаушының уақытына әсер етуі мүмкін.
Қазақстанда мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлама жасаған адамға айыппұл салу, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу жазасы көзделген.
Сондықтан әуежайда немесе ұшақта бомба, жарылғыш зат, қару, терроризм, әуе кемесін басып алу және жолаушылар мен экипажға зиян келтіру туралы әзілдеуге болмайды.
Айтылған сөздің әзіл ретінде немесе шын ниетпен жеткізілгені маңызды емес. Егер мәлімдеме ықтимал қауіп бар екенін көрсетсе, авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері белгіленген тәртіп бойынша әрекет етуге міндетті.
Сондықтан ұшақта әзілдескенде де сөзге абай болған жөн. Бір ауыз сөз рейсті кешіктіріп қана қоймай, басқа жолаушыларға қолайсыздық туғызып, әуежай жұмысына әсер етуі мүмкін.
Бұдан бұрын әуе компаниясы ережелеріне сай үй жануарымен қалай ұшу керектігі жөнінде жазғанбыз.