Мыңнан астам қазақстандық шетелде жазасын өтеп жатыр


Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Сенаттың жалпы отырысында шетелде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтар туралы депутаттық сауалын Бас прокуратура өкіліне жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан мен Кипр арасында жаза өтеуде тарихи қалыптасқан және құқықтық ерекшеліктеріне байланысты айырмашылықтар бар. Елімізде жазалау тәртібіне байланысты қатаң және ерекше режимдегі ұстау шарттары әлі де қатаң. Құқықтарды шектеу және қатаң бақылау әрекеттерінде жан-жақты бақылау алынған. Ал Кипрде жазалаушыларды тек оқшаулау ғана емес, олардың емделуіне көп көңіл бөлініп және басқада да баламалы шаралары белсенді қарастырылып жатады. Осыған байланысты өз отанында және шет мемлекеттерде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтар қанша? Сонымен қатар сотталғандарды бір-біріне беруді жүзеге асыруда бюджеттен қаржы қарастырылған ба? Авиатасмалдауды ұйымдастыру және осыған байланысты басқа да шараларды қолданғанда қосымша қаржы қажет етіле ме?»,- деді Ғалиасқар Сарыбаев.
Депутаттың сауалына Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев жауап берді.
«Қазіргі уақытта біздің 1077 адам өзінің жазасын шетелде өтеп жатыр. Негізінен олардың көбі ТМД елдерінде, оның ішінде Ресейде. Келісімшартта көрсетілгендей, біздің азаматымыздың өзінің келісімі қажет. Қазіргі уақытта бізде 77 осындай өтініш хат бар. Біз сол өтініштерді қарастырып жатырмыз. Бұл шамамен 10 пайызды құрайды. Бізде бюджеттен ақша бөлінген. Оның шеңберінде біз жазасын өтеп жатқан адамды Қазақстанға алып келеміз»,- деді Ғалымжан Қойгелдиев.



