Ясауи кесенесі төңірегіндегі құрылыс жұмыстары шектеледі
Мәжіліс «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасына түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Заң жобаларын Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын орындау мақсатымен Ұлттық экономика министрлігі әзірледі.
Жобалардың мақсаты – Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде қалыптастыру, дамыту және оның жұмыс істеуі үшін құқықтық жағдай жасау. Негізгі принциптер тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани нысандардың қасиеттілігін сақтау.
Негізгі заң жобасы аясында қала аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер олардың құқықтық мәртебесі, қорғау режимі, пайдалану тәртібі және басқа да аспектілерін анықтайтын санаттарға бөлінеді.
Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау және айналасындағы құрылысқа бөгде элементтердің енуіне жол бермеу мақсатымен шектеулер енгізіледі.
Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша үйлеспейтін нысандардың құрылысына тыйым салынады.