Қалибек Қуанышбаев театры жаңа маусымын «Қарагөз» трагедиясымен ашты
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 36-шы маусымды Мұхтар Әуезовтің шығармасы желісінде қойылған «Қарагөз» спектаклімен ашты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақ драматургиясының алтын қорына енген шығармада Сырым мен Қарагөздің тағдыры арқылы махаббат, салт-дәстүр, жеке таңдау мен қоғам қалыптастырған қағидалар арасындағы қайшылық суреттеледі.
Жаңа маусымда театр қазіргі драматургия және классикалық шығармалармен қатар, түрлі жанрдағы қойылымдарды ұсынбақ. Театр ұжымы республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысып, еліміздің өңірлеріне гастроль ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Театрдың жаңа маусымдағы сапарлары қыркүйекте Павлодарда өтетін «Ертіс-Баян» республикалық театрлар фестивалінен басталады. Онда театр «Шолпанның күнәсі» драмасын сахналайды. Қазан айында «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы ТеатрALL халықаралық театр фестиваліне қатысады.
Сондай-ақ «Парасат майданы» спектаклі қазан айында Қарағандыда өтетін «Сын – шын болсын» республикалық фестивалінде сахналанады.
Айта кетейік, қараша айында театрдың құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтойға орай, театрдың тарихы, шығармашылық жолы мен бүгінгі жетістіктері туралы мәдени іс-шара өткізу жоспарланған.