00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Таза Астана»: Әлеуметтік жоба елорданың көркеюіне қалай ықпал етті

«Таза Астана»: Әлеуметтік жоба елорданың көркеюіне қалай ықпал етті
коллаж: Elordainfo.kz.

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан елорданың ажары оның тазалығына да байланысты. Ал тазалық әр үйдің ауласынан басталады. 
Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында «Taза Астана» экожобасы іске асырылып жатыр. Қаланы абаттандыруға бағытталған жоба қашанға дейін жалғасады? Елордалықтар үшін ол несімен тиімді? Жоба қатысушыларына қандай талаптар қойылады? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына жоба жетекшісі Гүлвира Әбетова жауап берді.

– Гүлвира ханым, алдымен «Таза Астана» әлеуметтік жобасының мақсатына тоқталып өтсеңіз.

– «Таза Астананың» мақсаты – қалалық аумақтарды күтіп ұстауға жауапты ұйымдар мен тұлғалардың жұмысын жүйелендіруге негізделген. Жауапкершілік аймақтарына көппәтерлі үйлер, оларға іргелес аумақтар, қоқыс жәшіктері, гүлзар, көгалдар, жарықтандыру және инженерлік желілер жатады.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алдымен көппәтерлі үйлер мен іргелес аумақтардың тізімі жасалды, олардың әрқайсысына жауапты тұлғалар анықталды. Деректерді бақылау үшін бірыңғай тізім құрылып, онда ғимараттар мен аумақтардың түрлері туралы ақпарат енгізілген. Қазір жоба сынақ режимінен өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеді. 

–  Әлеуметтік жоба қашан іске қосылды?

– Бұл жоба «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық науқаны аясында биыл мамыр айында пилоттық режимде жұмысын бастады. Кез келген бағалауларды, критерийлерді, номинацияларды, марапаттарды енгізген кезде, ең алдымен тәсілдің дұрыстығына көз жеткізу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар заңды тұлғалардың өз учаскелеріндегі басқарушылық әрекеттерін қайта қарауға дайындығын зерделеу керек. Жоба аясында белсенді қоғам өкілдерімен өзара байланыста болу маңызды. Өйткені жобаға кондоминиум нысандарының басшыларынан бастап Астана қаласы мәслихатының депутаттарына дейін барлығы қатыса алады. Қаланың барлық аудандары депутаттық округтерге бөлінгендіктен, аудан әкімдігі жұмысының да, жалпы ауданның дамуына да қосымша баға бере аламыз.

– Елордалықтарды тұрғын үйді күтіп ұстауға шақыратын жоба кімнің бастамасымен қолға алынды?

– Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жобаның бастамашысы болып табылады. Ол аудан әкімдіктерімен бірлесіп жобаның тұжырымдамасын әзірлеп, тұрғындарға таныстырды. Одан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тілек білдірген заңды тұлғалардан тұратын фокус-топтар құрылды. Аудан әкімдіктері мен Тұрғын үй орталығы алаңында жиындар өтіп, одан кейін жобаның тұжырымдамасы мәслихат депутаттарының талқылауына ұсынылды. Критерийлерді әзірлеуге депутаттар мен кондоминиум нысандарының басшылары қатысты. Экологиялық комиссиялардың тексеру актілері де қатысушылармен бірлесіп әзірленді. Олар критерийдің орынды болып табылатынына және қолданыстағы заңнамаға сәйкестігіне көз жеткізді. 

фото: жоба ұйымдастырушыларынан

– Жоба аясында арнайы құрылған экологиялық комиссия қалай іріктелді? 
– Сынақ режимінде біз мәслихат депутаттарымен ғана шектелдік. Сонымен қатар БАҚ өкілдері, блогерлер, аудан және аула белсенділері болды. Болашақта комиссия мүшелерін автоматты түрде тіркеу жүйесі енгізіледі. Онда өтінімдер іріктеліп, комиссия мүшелері белсенділігіне қарай таңдалады. Жалпы жобаны Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы қадағалайды. 

– Жоба қатысушыларға қандай талап қояды? Қандай номинациялар бар? 

– Жоба шеңберінде бағалау актісі бойынша МИБ/ПИК/ЖШС басшыларының өтініміне сәйкес тоқсан сайын арнайы құрылған экологиялық комиссия қатысушылар үшін номинацияларды айқындайтын болады. Нәтижелер негізінде «Сапалы басқарушы»,  «Креативті мердігер», «Қауіпсіз аула», «Тату аула», «Сенімді мердігер», «Жайлы орта», «Таза орта», «Жасыл орта»,  «Ең таза аула», «Ең үздік кәсіпорын», «Ең үздік мекеме» номинациялары беріледі. Ал оларды бағалау әртүрлі. 
Мысалы, «Қауіпсіз аула» номинациясы бойынша тұрғын үйде бейнебақылау камералары болуы тиіс. Сондай-ақ ақпараттық стенд орнатылуы шарт. Онда учаскелік полиция қызметкерінің және күзетшінің нөмірі жазылуы тиіс. Подъезде домофон немесе заманауи Face ID болуы қажет. Әр номинацияның өз критерийлері бар. Жалпы талаптарда «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның міндетті тармақтарының сақталуына аса мән беріледі.

– «Таза Астана» әлеуметтік жобасы қанша адамды қамтып отыр?

– Жобаға тест режимінде 10 нысан қатысты, яғни кондоминиум басқарушылары және үй тұрғындары. Жалпы 150 адамды қамтыды. Жоба идеясы барлығына ұнағанымен, іс жүзінде қатысушылардың бәрінде үйді комиссияның келуіне жүйелі түрде дайындауға мүмкіндік бола бермейді. Әркім мүлікті басқаруға деген көзқарасын бір сәтте өзгертуге дайын емес. Мысалы, кейде үйлердің бірінші қабатына тұрғындар велосипед, бала арбасы мен самокат сияқты жеке заттарын қойып жатады. Бұл дұрыс емес. Мұндай көрініс болмас үшін әр тұрғынға заң талаптарына сәйкес дәлізге артық заттарды қоюға болмайтыны және тазалық сақталуы қажеттігі түсіндіріледі. Осындай қарапайым талапты орындай алмаған қатысушы жобадан шығып кеткен еді. Сондықтан қатысушылар талаптармен танысқан соң, тұрғын үй аумағына өзгертулер енгізу қиын екенін түсінді. Себебі талаптарды жалғыз басқарушы ғана орындай алмайды. Оған сол үйдің барлық тұрғындары жұмылуы керек.  Бір жағынан тұрғын үйде тазалық пен тәртіп болса, екінші жағынан жоба аясында байқауға да қатысады. Бірақ кейбіреулер қатысудан бас тартып жатады.  

– Әлеуметтік жоба аясында алдағы уақытта қандай іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр?

– Жобаның сынақ режимі өзінің тиімділігін көрсетті. Бүгінгі күні жоба қалалық платформа арқылы әрбір тұрғынға қолжетімді болуы үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәслихат депутаттары тарапынан «Таза Астана» жобасы тұрақты түрде өткізілсе деген ниет бар. Қазіргі уақытта критерийлер пысықталуда. Сонымен қатар жобаға қатысу мен бағалау комиссиясына кірудің шарттары қайта қарастырылып жатыр. 

– Гүлвира ханым, біз айтып отырған жоба елордалықтар үшін несімен тиімді? 

– Мұндай жоба алғаш рет қолға алынғандықтан, маусымдық өткізу туралы шешім қабылданды. Әзірге жоба көктем-жаз мезгілін қамтыды. Болашақта күз-қыс мезгілінде де ұйымдастыру мәселесін қарастырып отырмыз. Мұнда енді талаптар күрделі болуы мүмкін, өйткені аулаларды қардан тазалау сияқты жұмыстар да қосылады.

Қазан айында жоба шарттарын орындаған 10 қатысушы марапатталды. Жеңімпаздарға құрылыс материалдарына сертификаттар табысталды. Олар үйге арналған қажетті заттарды алып жатыр. 
Жалпы бұл жоба әрбір адамды өзі тұрып жатқан үйдің ауласын күтіп-ұстауға шақырады. Елордалықтар көршілерімен бірлесіп жобаға қатысып, барынша үздік болуға талпынса, онда қаламыз одан сайын көркейе түседі.

– Астанада таза, әдемі әрі жасыл желектің жайқалып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет ететіні сөзсіз. Елордалықтардың бұл жобаға деген көзқарасы қандай?

– Қатысушылардың көбісі жоба талаптарын орындау жүйелі жұмысты талап ететініне көз жеткізді. Біз қойған шарттар әлеуметтік желілерде жиі айтылатын шағымдар негізінде құрылды десек те болады.  Мысалы: «МИБ/ПИК есеп бермейді» немесе «Ойын алаңында үлкендер темекі шегеді», «Түнде балалар футбол ойнайды».  Кез келген талап, ең алдымен, тұрғындардың да, нысан басшысының да әрекетінің өзгеруіне әкеледі. Осыған дейін ескерілмеген мәселелер реттеле бастайды. 
Әрине, қатысушыларға оңай емес, әсіресе төраға болып жаңадан адам келсе, оған көршілерінің көмегі қажет. Сондай-ақ тұрғын үйлерге жауап беретін адамдардың осы байқаудан бөлек күнделікті жұмыстары бар екенін ескеру қажет. 

– Сұхбатыңызға рақмет!