Қазақстан алғаш рет халал өнімін Сауд Арабиясына экспорттады

Қазақстан алғаш рет халал өнімін Сауд Арабиясына экспорттады
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Қазақстан алғаш рет отандық халал сертификатымен Сауд Арабиясына өнім экспорттады. Құжатты «ҚазСтандарт» беріп, ол корольдік деңгейде танылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан стандарттау және метрология институтына сілтеме жасап.

Мекеменің мәлімдеуінше, бұл елдегі халал сертификаттау жүйесі үшін маңызды қадам болып, экспортты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

«Қазіргі таңда «ҚазСтандарт» Saudi Food and Drug Authority жанындағы Saudi Halal Center-де аккредиттелген Қазақстандағы жалғыз ұлттық орган. Аталған құрылымдар Сауд Арабиясы нарығына өнімнің кіруіне жауап береді және оның шариғат талаптары мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайды. Мұнсыз корольдікке халал өнім экспорттау мүмкін емес. Енді Қазақстан сертификаттары ресми түрде қабылданатын елдердің қатарына қосылды», делінген институттың хабарламсында

Сауд Арабиясы халал өнімдерге қойылатын талаптары жоғары нарықтардың бірі саналады және Парсы шығанағы елдеріне шығуға жол ашады. Бұл нарыққа шығу қазақстандық компанияларға бірқатар артықшылық береді. Атап айтқанда, жеткізу географиясын кеңейтуге, шетелдік серіктестердің сенімін арттыруға және елдің халал өнім жеткізуші ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, қазақтың ұлттық тағамдарына шетелде сұраныс артып келеді.