Қазақтың ұлттық тағамдарына шетелде сұраныс артып келеді
Қазақстанның дәстүрлі тағамдары – қазы, қымыз, құрт, бауырсақ бүгінде шетелдік нарықта сұранысқа ие болып, экспорттың перспективалы бағытына айналып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
QazTradе мәліметінше, жүйелі қолдау көрсетілген жағдайда 2028 жылға қарай ұлттық тағам экспортының көлемі 50–80 млн АҚШ долларына жетуі мүмкін.
Негізгі экспорттық нарықтар қатарында Ресей мен Қытай бар. Бұл елдерде 2 млн-нан астам қазақ диаспорасы тұрады, сондықтан дәстүрлі өнімдерге тұрақты сұраныс қалыптасқан. Ресейде құрт пен қымыз кең тараса, Қытайдың Шыңжаң өңірінде халал өнімдер мен ет деликатестеріне қызығушылық жоғары.
Соңғы жылдары дәстүрлі сүт өнімдерінің экспорты да өсіп келеді. Мәселен, қымыз, шұбат және айран экспорты 2024 жылы 13,4 млн доллар болса, 2025 жылы 17,3 млн долларға жетіп, 29,4%-ға артқан.
Дегенмен, қымызды экспорттауда оның сақтау мерзімінің қысқалығы негізгі қиындық болып отыр. Осыған байланысты өндірушілер пастерленген қымыз және құрғақ саумал сияқты жаңа технологияларды енгізуде. Мұндай өнімдер қазірдің өзінде Қытай нарығына жеткізіле бастады.
Сарапшылардың айтуынша, «көшпелі гастрономия» бағыты да қарқын алып келеді. Табиғи ет пен сүт өнімдеріне негізделген қазақ асханасы шетелдік тұтынушылар үшін жаңа әрі пайдалы өнім ретінде танылып жатыр.
«Әлемде функционалды тағамдар мен суперфудтарға сұраныс артып келеді. Ал қазақтың дәстүрлі рационы бұл қажеттілікті толық қанағаттандыра алады. Мәселен, құрт – пайдалы микроэлементтердің көзі, ал тары мен талқан сауда миссиялары мен халықаралық көрмелер кезінде шетелдік тұтынушылар арасында барған сайын танылып келеді.
Дәстүрлі дала тағамдары шетелдегі қазақ мейрамханалары мен кофеханалар желісі арқылы да жақсы сатылуда. Мысалы, тары қосылған капучино – бір жағынан «ұнтақталған дала кофесі» іспетті сусын, бүгінде АҚШ-та да пайда бола бастады. Бұл – қарапайым, қолжетімді әрі пайдалы өнім», – деді QazTrade бас директоры Айтмұхамед Алдажаров.
Еске салайық, елімізде Наурыз мерекесін тойлау кезінде ұлттық тағамдарды жеткізу дрондарға сеніп тапсырылған еді.