Елордалық оқушылар «Толағай» спортында бақ сынасты

Елордалық оқушылар «Толағай» спортында бақ сынасты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 мектепте «Толағай» спорт залының ашылуына орай «Бала Толағай» ұлттық спорттық жарысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. 

Жарысқа елорда мектептерінен жиналған 10 команда қатысып, ұлттық спорт түрлері бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар бұқа тартыс, ләңгі тебу, қап көтеру, арқан тартыс, серке көтеру, бес асық, садақ ату және найза лақтыру секілді сайыстарда өз шеберлігін көрсетті.

«Бүгінде мектепте 2 мыңнан астам оқушы білім алуда. «Бала Толағай» ұлттық спорттық ойындары кеңінен дамыса, жас ұрпақтың бойына ата-бабамыздың салт-дәстүрі терең сіңіп, олардың рухани қалыптасуына зор ықпал етеді деп сенемін. Сонымен қатар, бұл бастама салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды алаңына айналмақ. Алдағы уақытта дәл осы ортадан бүгінгінің Қажымұқандары өсіп шығады деген үміт бар. Әрбір азамат үшін патриоттық рух аса қажет. «Бала Толағай» жобасы уақыт талабына сай қолға алынған маңызды бастама. Осындай ортада тәрбиеленген балалар ертең әлемдік додаларда ел намысын қорғап, көк туымызды биікке көтеретініне сенім мол», - деді №57 мектеп директоры Ғабит Насырұлы.

Іс-шара барысында ұлттық спортты дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға ерекше құрмет көрсетіліп, оларға алғыс білдірілді. Осы бағытта аянбай еңбек етіп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа арнайы алғыс хат табысталды.

«Біздің мақсатымыз – Қажымұқан, Балуан Шолақ, Жақсылық Үшкемпіров сынды тұлғалардың жолын жалғайтын, әлемдік аренада көк туымызды желбірететін рухты, тәрбиелі, Отанын қорғай алатын батыр жігіттер мен ару қыздарды тәрбиелеу. Бүгінде біз әлемнің 20-дан астам мемлекетінде өнер көрсетіп жүрміз. Жуырда Түркия еліне барып, өнерімізді таныстырып қайттық. Сонымен қатар, көршілес мемлекеттер де бізді арнайы шақыруда. Алдағы уақытта ұлттық спортымызды әлемге кеңінен таныту бағытында жұмысымызды жалғастыра береміз», - деді «Толағай» спортының негізін қалаушы Темір Спатай.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен командалар марапатталып, арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.