Таза Қазақстан: Елордада 87 мыңнан астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды
Елордадағы санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында Астана қаласы Полиция департаменті «Таза Қазақстан» акциясын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz департаментке сілтеме жасап.
Акция басталғаннан бері қоқысты заңсыз төгу, ортақ пайдалану орындарын ластау және абаттандыру ережесін бұзудың өзге де фактілері бойынша 87 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Тәртіп сақшылары күн сайын рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастау орындарында рейдтік іс-шаралар өткізіп, қоқыс пен кәріз суларын белгіленбеген жерлерге төгетін адамдарды анықтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Акция басталғаннан бері 750-ге жуық жүк көлігі мен ассенизатор көлігінің жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», делінген хабарламада.
Мәселен, Бейбарыс сұлтан көшесіндегі 2 құрылыс компаниясының иесі абаттандыру ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция департаменті елордалықтарды табиғатты қорғауға, санитарлық талапты сақтауға және қаланың экологиялық мәдениетін арттыруға үлес қосуға шақырады.

Еске салсақ, Астанада білім беру нысандарының аумақтары қар кеткен соң қоқыстан тазартылды.