Астанада есірткіге қарсы «Taza Fest» концерті өтті

Бүгін, 16:15
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада есірткіге қарсы «Taza Fest» концерті өтті
Фото: Нұркен Мерғалиев

Елордада Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның залында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында есірткіге қарсы «Taza Fest» концерті өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Концертті Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы теріс көзқарас қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық сананы арттыру. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы айтып берді.

«Бүгінгі іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, сондай-ақ 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар негізінде ұйымдастырылып отыр. Шара полиция департаментінің бастамасымен, қала әкімдігі, ішкі саясат және жастар саясаты басқармалары, сондай-ақ өзге де мүдделі мекемелердің қолдауымен жүзеге асуда.

Жыл басынан бері мұндай 150-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында спорт жарыстары, түрлі байқаулар мен акциялар бар. Ал бүгінгі шара концерт форматында алғаш рет өткізіліп отыр.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда 18–25 жас аралығындағы жастар есірткі бизнесіне жиі тартылуда. Оларға «жеңіл ақша табу» мүмкіндігі ұсынылып, курьер немесе «есірткі жасырушы» ретінде жұмыс істеуге шақырылады. Аптасына мыңдаған доллар табыс уәде етіледі. Алайда іс жүзінде мұндай табыс берілмейді, әрі мұндай заңсыз әрекет ұзаққа созылмайды. Көп жағдайда бір айға да жетпей олар ұсталады», - деді Әлия Қибатқызы.

Ол сондай-ақ жыл басынан бері қалада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 300-ге жуық құқық бұзушылық анықталғанын айтты.

«Оның 95-і есірткі сатумен айналысқан тұлғаларға қатысты қылмыстық іс. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 100 келіге жуық есірткі тәркіленген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 465 келі болды, оның ішінде 50 келісі синтетикалық есірткі.

Бізде Полиция департаменті жанынан Нашақорлықтың алдын алу кеңесі құрылған. Оның құрамында 24 адам бар, соның ішінде 19-ы танымал блогер, әртіс және спортшы.

Яғни, нашақорлықпен күрес тек полицияның міндеті емес. Қоғам болып бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана бұл мәселеде нақты нәтижеге қол жеткізуге болады», - деді ол.

Нашақорлықтың алдын алу кеңесінің мүшесі, ICF коучы, көшбасшылық жөніндегі жат­тықтырушы Мирзада Сейітқали Taza Fest — есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуға бағытталған маңызды іс-шараның бірі екенін айтты.

«Бұл фестиваль – ең алдымен ниеттің тазалығы, ойдың тазалығы және өскелең ұрпақтың ішкі рухани тазалығы туралы. Сондықтан бүгін бұл шараға көптеген жастар қатысты.

Іс-шара барысында біз жастарға тақырыптық қойылымдар ұсынып, салауатты өмір салтын түсіндіретін қажетті ақпаратты бердік. Өйткені қазіргі таңда әлеуметтік желідегі контент көбіне жағымсыз дүниелерге, соның ішінде алкоголь мен есірткі қолдануды насихаттайтын үрдістерге бейім болып тұр. Әрине, бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Алайда біздің басты мақсатымыз — қоғамға, әсіресе жастарға оң әсер ететін, болашағымызға пайдалы контентті үздіксіз қалыптастыру», - деді ол.

Айта кетейік, концертке Bellucci, Tibo and Bekth, Metis’s, Domino, «Килиманджаро» және «Не все сказано» топтары, сондай-ақ Aqtoty Bolysheva мен Арман Қуандықов және басқа да жас өнерпаздар мен арнайы шақырылған қонақтар өнер көрсетті.

Шараға елордалық жоғары оқу орындары мен колледждердің 2 600-ден астам студенті қатысты.