Халық қатысатын бюджет: 6 сәуірде жобаларға дауыс беру кезеңі басталады
«Сарыарқа» ауданында 6 сәуірде «Халық қатысатын бюджет-2026» бағдарламасы бойынша ауданды абаттандыру үшін үздік жобаларға дауыс беру кезеңі басталады. Ең көп дауыс жинаған жобалар 2027 жылдың құрылыс маусымында іске асырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz аудан әкімдігіне сілтеме жасап.
20 қаңтарынан 1 наурызына дейін аудан тұрғындары 78 жобалық ұсыныс берді. Сараптамалық кеңес 73 жобаны дауыс беруге жіберді. Оның бесеуі талапқа сай келмеді. Олардың өтпеуіне соңғы 5 жылда белгіленген аумақтың абаттандырылуы және барлық астаналықтар үшін аумақтың қолжетімсіздігі себеп болды.
Айта кетерлігі, урбанистер және өткен жылдың жеңімпаздары мен тұрғындар кірген сарапшылар кеңесінің шешімімен дауыс беруге арналған жобалар 3 санатқа бөлінді. Олар - 40 пәтерге дейін, 100 пәтерге дейін және 100-ден көп пәтер.
Дауыс беру 6 сәуір мен 24 сәуір аралығында «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының сайтында өтеді. Тұрғындар ресми сайтта ЭЦҚ арқылы немесе Egov Mobile қосымшасы арқылы дауыс бере алады.
Еске сала кетсек, Астанада жаңа тартымды орындар қай тұстарда ашылатынын хабарладық.