Астанада 1 млн жасыл желек отырғызуды жоспарлап отырмыз - Жеңіс Қасымбек
Ауа райының жылынуына байланысты елордада жөндеу-қалпына келтіру және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс басталды. Бұл туралы қада әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Әріптестеріммен бірге қаланың барлық ауданын аралап шығамыз. Жаяу аралау барысында жұмыс жоспарына түзетулер енгіземіз. Осы демалыс күндері жол салу және жөндеу жұмысы басталады.
Сол сияқты қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы басталды. Биыл да қаламызда көгалдандыруға ерекше назар аударамыз. Шамамен 1 млн жасыл желек (көшеттер, бұталар, ағаштар) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ЛРТ жобасы желісі бойындағы аумақтар да абаттандырылады», - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, күн сайын қалада санитарлық тазалау, жөндеу-қалпына келтіру және өзге де жұмыстар жүріп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін қала әкімі Астанада қыс мезгілінен кейін санитарлық тазалау жұмысы жүріп жатқанын мәлім еткен еді.