Тарихи сәт: Маңғыстаудан Ұлытауға алғашқы пойыз келді
Ақтау қаласынан жолға шыққан пойыз алғаш рет Жезқазған қаласының вокзалына белгіленген уақытында келіп тоқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлытау облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңа теміржол бағыты Ұлытау облысының үш ірі стансасын қамтиды: Жаңаарқа ауданының Атасу кенті, Жезқазған қаласы және Ұлытау ауданының Қоскөл ауылы. Осылайша, тұрғындардың қатынау мүмкіндігі едәуір жеңілдеп, сапар уақыты мен шығыны қысқара түспек.

Тасымалдаушы «Ulytau Express» ЖШС директорының орынбасары Марғұлан Атамбаевтың айтуынша, пойыз вагондары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жолаушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы купелер қарастырылған. Сонымен қатар, сапар жайлылығын арттыратын қызметтер мен ыңғайлы пакеттер ұсынылады.

Айта кетейік, Қарағанды–Маңғыстау бағытындағы пойыз қозғалысы 1 сәуірден бастап іске қосылды. Жезқазғаннан Ақтауға дейінгі жол жүру уақыты шамамен 29 сағат.
Еске сала кетсек, «Астана-Талдықорған» бағытында тікелей жолаушылар пойызы іске қосылды.