Елдегі туризмнің табысы мен инвестициясы айтарлықтай өсті
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның туризм саласы негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Ел ішінде саяхаттаушылар саны да, шетелдік туристер легі де айтарлықтай артқан. Сонымен қатар салаға тартылған инвестициялар көлемі ұлғайып, бизнес кірістері де едәуір өсті.
Атап айтқанда, орналастыру орындарында тіркелген ішкі туристер саны 10,1 млн адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 1 млн-ға көбейді. Шетелдік туристер тарапынан да қызығушылық жоғарылап отыр: қонақ үй қызметін пайдаланған олардың саны 1,4 млн адамды құрап, бір жыл ішінде 132,3 мыңға артты.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Қазақстанға түрлі туристік мақсатпен 15,7 млн шетел азаматы келген. Оның ішінде 11,1 млн адам турист ретінде тіркеліп, бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсетті.
Саланың экономикалық тиімділігі де нығайып келеді. Қонақ үйлер, демалыс базалары және өзге де орналастыру орындарының жалпы кірісі 350,6 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 50,8 млрд теңгеге ұлғайды.
Туристік инфрақұрылым да қарқынды дамуда: орналастыру нысандарының саны 4 482-ге жетіп, бір мезетте қабылдау мүмкіндігі 233 мыңнан астам төсек-орынды құрады.
Инвестициялық белсенділік те айтарлықтай артты. 2025 жылы туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 32,6%-ға өсіп, 1 256,9 млрд теңгені құрады (2024 жылы – 947,6 млрд теңге).
«Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер Қазақстанның туризм саласы жүйелі түрде дамып келе жатқанын және елдің ішкі әрі шетелдік туристер үшін тартымдылығы артып отырғанын көрсетеді», - деп хабарлады ведомствода.
Еске салсақ, Астанада туристік және медициналық бизнес өкілдері үшін ақпараттық тур ұйымдастырылған болатын.