Астанада LRT желісі кеңейеді: үш бағытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр

Бүгін, 16:53
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада LRT желісі кеңейеді: үш бағытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінің екінші кезеңі туралы жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылғалы бері жолаушылар тасымалының көлемі 11,5 миллионға жуықтады. Бұл көлік түрі қала тұрғындары арасында сұранысқа ие болып, олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді.

«Елорданың көлік инфрақұрылымын ары қарай дамытуға бағытталған жобаның екінші кезеңін іске асыру жұмысын қатар жүргізіп жатырмыз.

Құрылыс жұмысы бірнеше бағыт бойынша жүріп жатыр:

Қосшы қаласына қарай

Тіректерді, эстакадалық құрылымдар мен станцияларды салу бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 294 тірек (97%) орнатылып, 385 эстакадалық құрылым (73%) монтаждалды.

2026 жылдың соңына дейін №401, 402 және 403 станцияларда бетондау жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағытта барлығы үш станция салу көзделген.

Жағалау шағын ауданына қарай

Жоба аясында сегіз станция салу көзделген. Геологиялық зерттеу жұмысы аяқталды. Қазіргі уақытта қоршаулар орнату, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмысын бастау үшін инженерлік желілерді көшіру және қайта орнату жұмысы жүріп жатыр.

«Астана-1» теміржол вокзалына қарай бағыт (оң жағалау)

Бұл бағытта №201 ауысып міну станциясын есепке алғанда, тоғыз станция салу көзделген. Геологиялық зерттеу жұмысы аяқталды.

Сығанақ даңғылының бойында (Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарының арасындағы учаскеде) №201/301 станцияларының ауысып міну торабын салу жұмысы жүріп жатыр», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Қала әкімінің айтуынша, Қазақ радиосы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының арасындағы учаскеде екі тірекке бетон құю жұмысы аяқталған.

Сондай-ақ қадалар мен арқалықтарды орнату жұмысы жүріп жатыр. Өзге учаскелерде алдағы құрылыс-монтаж жұмысына дайындық жүргізілуде.

Еске сала кетейік, LRT станцияларында көлік полицейлері тәулік бойы кезекшілік атқарады.