Қазақстан мен Қырғызстан төтенше жағдай саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен Қырғызстан төтенше жағдай саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар қаупін азайту орталығында Қазақстан төрағалығымен орталық кеңесінің он сегізінші отырысы өтті , деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс жұмысына Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Канатбек Чыныбаев, сондай-ақ кеңес мүшелері мен бейінді бөлімшелердің өкілдері қатысты.

Орталықтың 2025 жылғы қызметі қорытындыланып, 2026 жылға арналған жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Жиында Орталық Азия елдерінде апаттар қаупін азайту, климаттың өзгеруіне бейімделу және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу саласындағы жобаларды іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынылды.

Шыңғыс Әрінов орталықтың өңірлік мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіру, тәжірибе алмасу және төтенше жағдайдың алдын алу мен оларды жою саласында келісілген шешімдер әзірлеу үшін тиімді алаң ретіндегі маңыздылығын атап өтті.

Отырыс соңында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және оның қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған орталық кеңесінің тиісті шешіміне қол қойылды.

Еске сала кетсек, Бішкекте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның қатысуымен «Қамбар ата-1» ГЭС-ін салу бойынша келіссөздердің алғашқы кезеңі өтті.