Елордалық театр ұжымы «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Елордалық театр ұжымы «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының ұжымы сенбілік өткізіп, мекеме аумағы мен оған іргелес кеңістікте тазалық жұмыстарын ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Сенбілік барысында ғимарат маңы қоқыстан тазартылып, аумақты ретке келтіру, санитарлық тазалау және абаттандыру жұмысы жүзеге асырылды. Театр қызметкерлері қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған ортақ іске белсенді атсалысып, елорданың көркеюіне үлес қосты.

«М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Таза Қазақстан» акциясын белсенді қолдады. Театр ұжымы үшін тазалық пен қоршаған ортаға қамқорлық – мәдени-ағартушылық миссиясының маңызды бөлігі. Бүгінгі сенбілік ортақ жауапкершілік пен бірліктің көрінісі болды: қызметкерлер театр ішін және айналасын ретке келтірді», - деді театры директорының орынбасары Александра Кустовская.

Бұл бастама тек бір реттік акция шеңберінде ғана емес, қоғамда тазалық мәдениетін орнықтыруға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық жұмыс ретінде жалғасуда.

Алдағы күндері Мәдениет басқармасына қарасты мекемелерде сенбіліктер мен абаттандыру жұмысы жалғасады. Қызметкерлер театрлар аумағын, тарихи ескерткіштер мен мәдениет ошақтарының айналасын тазалауды кезең-кезеңімен жүргізеді. 

Еске сала кетсек, Қуыршақ театрында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза ел – саналы ұрпақ» атты балаларға арналған танымдық-экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.