Қазақстан Ethnosports 2027 дүниежүзілік ойындарын өткізу бастамасын қолдады
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Түркияның Анталия қаласында өткен VIII халықаралық этноспорт форумына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған форумға 29 елдің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, спорт федерацияларының өкілдері және сарапшылар қатысты. Форум барысында дәстүрлі спорт түрлерін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және Ethnosports 2027 мультиспорттық жобасына дайындық мәселелері талқыланды.
Форум аясында министр «Әлемдік деңгейдегі дәстүрлі спорт түрлері» тақырыбындағы панельдік сессияда сөз сөйледі. Е.Мырзабосынов Қазақстанда ұлттық спорт ресми түрде олимпиадалық спорт түрімен теңестіріліп, басым бағыт ретінде айқындалғанын жеткізді. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық спорт университеті базасында ұлттық спорт түрлерінен мамандар даярлау және оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.
Министр форум аясында бірқатар кездесу өткізді. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанмен кездесуде ұйымның дәстүрлі спорт түрін сақтау және дамытудағы рөлінің маңызды екені айтылды. Қазақстан Ethnosports 2027 дүниежүзілік ойындарын өткізу бастамасын қолдап, осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтяревпен өткен келіссөздерде спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, министр Ресей спортшыларын 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары» халықаралық турниріне қатысуға шақырды.
Түркия Республикасының Жастар және спорт министрі Осман Ашкын Бакпен кездесуде спорт саласындағы әріптестікті нығайту әлеуеті, оның ішінде тәжірибе алмасу, бірлескен іс-шаралар өткізу және спорттың заманауи форматтарын дамыту мәселелері сөз болды.
Ескет сала кетсек, елордалық оқушылар «Толағай» спортында бақ сынасты