Ясауидің жазба мұрасы ЮНЕСКО бағдарламасы аясында насихатталады
ҚР Үкіметі Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ілгерілету және насихаттау жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Құжатта ұлы ойшылдың мұрасын зерделеу, сақтау және насихаттау, сондай-ақ Түркістанды рухани туризмнің негізгі орталықтарының бірі ретінде дамытуға бағытталған 37 іс-шара қарастырылған.
Жоспарда институционалдық және құқықтық базаны жетілдіру, ғылыми-зерттеу және білім беру ісі, мәдени-ағартушылық және шығармашылық жобалар, ақпараттық-имидждік және халықаралық іс-шаралар, сондай-ақ қалпына келтіру сияқты бес бағыт қамтылған.
Іс-шаралардың басым бөлігі Түркістан қаласында өтеді. Атап айтқанда, қалада оқушылар арасында дәстүрлі «Ясауитану» байқауының республикалық кезеңін өткізу, ал музей жанынан «Ясауитану» клубын ашу жоспарланып отыр.
Жұмыстың басым бөлігі Қожа Ахмет Ясауи шығармалары мен ғылыми еңбектерін басып шығару, ұлы ойшылдың мұрасын отандық және шетелдік ғылыми орталықтар мен мұрағаттарда анықтау, мұрағат материалдары мен құжаттары каталогын әзірлеуге қатысты.
Жоспарда ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында Ясауидің табылған және зерттелген жазба мұрасын насихаттау, ЮНЕСКО мен ИСЕСКО шеңберінде Ясауи жылын немесе арнайы мәдени күндерді жариялау мәселесін пысықтау көзделген.
Еске сала кетсек, мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи ордені енгізіледі.