Абай облысында дропперлік үшін алғаш рет сот үкімі шықты

Бүгін, 15:43
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Абай облысында дропперлік үшін алғаш рет сот үкімі шықты
Фото: freepik.com

Абай облысында банктік шоттар мен деректерді үшінші тұлғаларға күмәнді операциялар жүргізу үшін беру ісі бойынша алғашқы сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облысы полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Іс Мақаншы ауданында қаралды. Анықталғандай, өңірдің 22 жастағы тұрғыны сыйақы үшін өзінің банктік қосымшасына қолжетімділікті танысына берген. Нәтижесінде небәрі 10 күн ішінде оның шоты арқылы шамамен 12 миллион теңге өткен, бұл қаражат алаяқтық әрекеттермен байланысты болуы мүмкін.

Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 2025 жылдың қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілген, осындай схемаларға қарсы бағытталған 232-1-бабы бойынша кінәлі деп таныды.

Сот үкімімен ер адамға айыппұл салынды, сондай-ақ заңсыз алынған қаражат тәркіленді.

Полиция өкілдері атап өткендей, банктік карталарды, шоттарды және жеке деректерді үшінші тұлғаларға беру — зиянсыз көмек емес, бұл қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады.

Еске салайық, бұған дейін БҚО-да схема ұйымдастырушысы мен оның алты сыбайласы анықталғаны туралы жаздық.