Дропперге 200-350 доллар төлеген: Схема ұйымдастырушысы мен оның алты сыбайласы анықталды
БҚО-да алаяқтық жолмен алынған қаражатты дропперлер арқылы айналымға шығару схемасы әшкереленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Күдікті Т.Вейднер алаяқтықпен алынған қаражатты үшінші тұлғалардың шоты арқылы аударып, қолма-қол ақшаға айналдыруға бағытталған схеманы үйлестірген. Ол осы мақсатта дропперді, өзге де тұлғаларды заңсыз әрекеттерге тартып, олардың әрқайсысына нақты міндет бөліп берген.
Дропперлерге 200-ден 350 долларға дейін сыйақы төлеген. Мәселен, 2025 жылғы қазанда Орал қаласында студенттің бірінің атына банк шоты ашылып, онлайн банкингке қол жеткізу деректері схема ұйымдастырушысына берілген. Аталған шотқа интернет алаяқтықтан келген қаражат түсіп, кейін ол шетелге аударылған.
«Шот иесі әрекеттердің заңсыз екенін түсінген соң, құқық қорғау органдарына жүгініп, қаржы операциялары дер кезінде шектеледі. Шот бұғатталғаннан кейін күдікті мен оның сыбайластары жәбірленушіге қысым көрсетіп, банк қосымшасын қайта верификациялауды талап еткен. Оны пәтерде заңсыз ұстап, күш қолданамыз деп қорқытып, ұялы телефонын ломбардқа өткізуге мәжбүрлеген, ал түскен қаржы өзара бөліскен. Сонымен қатар, күдіктілер шоттардағы шектеуді алып тастауға әрекет жасап, жәбірленушіні банктер мен әкімшілік органдарға ертіп жүрген», делінген хабарламада.
Іс сотқа жолданды. Қазір схема ұйымдастырушысы қамауға алынды, ал оның алты сыбайласына кепіл қойылып, елден шықпау жөнінде қолхатпен босатылды.
Еске сала кетсек, елордада дропперлік жасаған азаматқа үкім шықты.