Барлық білім беру нысандары қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша тексерілді – ІІМ
Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім беру объектілері қауіпсіздік талаптары бойынша тексерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бүгінде ұйымдардың 100%-ы бейнебақылау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған. 93%-ының мектеп бейнекамералары Жедел басқару орталықтарына шығарылған.
Сондай-ақ білім беру объектілерінің маңындағы жол инфрақұрылымы тексерілді.
«Балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 15 тамыздан бастап «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатырмыз. Оның аясында қиын өмірлік жағдайдағы балалармен жұмыс жүргізу, балалардың жарақаттанудан алдын алу, балаларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайын тексеру және басқа да шаралар қамтылады», - деді Ержан Сәденов.
Жаңа «Профилактика туралы» заңмен білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктері көзделді. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері, оның ішінде буллингті және басқа да заңсыз әрекеттерді ерте анықтау тәсілдері бекітілді.
Еске сала кетейік, елімізде балалардың денсаулығын тексеру үшін цифрлық жабдықтар мен ЖИ енгізілді.