Елімізде балалардың денсаулығын тексеру үшін цифрлық жабдықтар мен ЖИ енгізілді
Денсаулық сақтау министрлігі ауруларды диагностикалау мен ерте анықтаудың объективтілігін арттыру үшін балалар скринингін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарады. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Жаңа тәсіл цифрлық диагностикалық жабдықтарды қолдануды, алынған нәтижені ақпараттық жүйелерге автоматты түрде беруді, сондай-ақ жасанды интеллект технологиясын пайдалануды көздейді. Цифрлық жабдықтардың тізбесі балалар денсаулығының негізгі қажеттілігін ескере отырып қалыптастырылған және баланың физикалық жағдайына кешенді бағалау жүргізуге мүмкіндік береді. Жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелерінің жай-күйін диагностикалаудан бастап көру және есту қабілетін, стоматологиялық денсаулықты, физикалық дамуды және тірек-қимыл аппаратының жағдайын бағалауға дейін цифрлық технологиялар медициналық тексеру нәтижелерінің дәлірек, объективті және өзара салыстырмалы болуын қамтамасыз етеді», - деді Ақмарал Әлназарова.
Министр сондай-ақ скринингтердің жаңа форматы адами фактордың әсерін азайтуға, дәрігерлік персоналға жүктемені төмендетуге және патологиясы бар балаларды одан әрі диспансерлік бақылауды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.