Неге кей абитуриент аз баллмен конкурстан өтіп кетеді – Саясат Нұрбек түсіндірді
Соңғы кезде көпшілік арасында қызу талқыланған сауалға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол кей гранттар мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша елге қажетті мамандықтарға, экономикаға керек бағыттарға бөлінетінін айтып, тегін оқығысы келетін талапкер, ең алдымен, мемлекет талабымен санасу керек екенін қаперге берді. Бұл жерде мәселе қалай туындайды? Оның айтуынша, бұл тұрғыда бірнеше назар аударатын аспект бар.
«Біріншіден, талапкерлер көбінесе грант аз бөлінетін мамандықтарға өтініш береді. Сондықтан ол жерде конкурс жоғары болады. Мысалы, биыл заңгерлік мамандықтар бойынша осындай жағдай болды. Мемлекет бұл бағытқа 200 грант бөлді. Себебі заңгерлердің шамадан тыс көп екенін көріп отырмыз. Қоғамның өзі де «заңгерлерді тым көп дайындап жатырмыз» деп сын айтып келеді. Сондықтан бірнеше жылдан бері заңгерлер санын азайтып келеміз. Ал осы 200 грантқа 10-12 мыңнан астам талапкер өтініш берді. Алған балың жеткілікті болса да, бұл жерде топ-200 талапкер ғана грант алады. Бұл – бірінші аспект.
Екіншіден, біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Осыған орай бізде ауыл шаруашылығына қатысты және басқа да әлеуметтік квоталар бар. Олар көп емес, бірақ бар. Себебі біз әлеуметтік тұрғыдан осал, мүмкіндіктері тең емес азаматтарға жағдай жасауымыз керек.
Сондықтан «Біреулер 50-60 балл жинап, грантқа өтіп кетті» деп дау айтуға болмайды. Өйткені квота бойынша сынақ тапсырған талапкерлер жалпы конкурста бәсекеге түспейді. Олар квота бойынша іштей сараланады.
Тағы бір аспект – жоғары оқу орындары белгілейтін шекті балл. Кейбір университеттер өздерінің инфрақұрылымына байланысты шекті балды жоғары қояды да, сапалы маман дайындағысы келеді. Осыны да ескеру керек», – деді ол.