Референдум-2026

Павлодарда жаңа туған сәбиін сатпақ болған әйел 5 жылға сотталды

Бүгін, 13:41
Думан Аманжол Думан Аманжол
Павлодарда жаңа туған сәбиін сатпақ болған әйел 5 жылға сотталды
Фото: freepik.com

Павлодарда жаңа туған нәрестені сату дерегі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Прокуратура мәліметінше, Павлодар қаласының прокуратурасы жаңа туған нәрестені заңсыз сату фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады.  

«Сотта анықталғандай, 2002 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны материалдық қиындықтарға байланысты жүкті кезінде дүниеге келмеген баласын ақшаға сатуды жоспарлаған. Осы мақсатта ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «бала асырап алғым келеді» атты қауымдастықта хабарландыру жариялап, сатып алушы тауып, жаңа туған қыз баланы 800 000 теңгеге сатуға келіскен», - делінген хабарламада.

28 наурызда әйел Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.  

Қала прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттері барысында қылмыстық әрекет әшкереленді. Жедел іс-шара шеңберінде сатып алушы рөлін атқарған тұлғаға сериялық нөмірлері алдын ала тіркелген ақша қаражаты берілді.  

31 наурызда Павлодар қаласындағы пәтерлердің бірінде сотталған әйел жаңа туған нәрестені оған қатысты медициналық құжаттарымен бірге сатып алушыға тапсырып, 100 000 теңге көлемінде сыйақы алды.  

«Павлодар қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабының 1-бөлігімен («Кәмелетке толмағандар саудасы») кінәлі деп танылып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады Бас прокуратура.  

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабы негізінде тағайындалған жазаны өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.  

Прокуратура өкілдері балаларға қатысты заңсыз мәмілелер қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін және мұндай қылмыстар құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екенін ескертті.