Референдум-2026

Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында көше-жол желісіне тексеріс жүргізілуде

Бүгін, 16:25
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында көше-жол желісіне тексеріс жүргізілуде
видеодан скриншот/polisia.kz

Жаңа оқу жылы қарсаңында Астана қаласында білім беру нысандары маңындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері көшелер мен жолдар желісіне тексеріс жүргізуде, әсіресе «үй - мектеп - үй» бағыттары өтетін учаскелерге ерекше назар аударуда.

Мектептер, балабақшалар және басқа да білім беру ұйымдары маңындағы қауіпсіз әрі талаптарға сай жол инфрақұрылымы – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алудың негізгі шарттарының бірі.

Жыл басынан бері мектептерге жақын аумақтарда көшелер мен жолдар желісіне 250-ге жуық тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін 180-нен астам нұсқама берілді.

«Жаңа оқу жылына дайындық аясында мектеп маңындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, қосымша бағдаршам нысандары орнатылып, жасанды жол кедергілері қалпына келтіріліп, жаңадан жабдықталуда. Жол белгілері мен жол таңбалары тиісті талаптарға сәйкестендіріліп, сыртқы жарықтандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар 17 мектептің маңында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілуде. Үш учаскеде біржақты қозғалыс ұйымдастырылды. Бұл білім беру ұйымдары орналасқан аумақтардағы қауіпсіздікті арттырып, көлік ағынын реттеуге мүмкіндік береді.

Жұмыстың жеке бағыты – балаларды мектеп көлігімен тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта мектеп автобустарының техникалық және жалпы жағдайы тексеріліп, жүргізушілер мен ата-аналар арасында балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізілуде.

Оқу жылы басталғаннан кейін профилактикалық жұмыстар тікелей оқушылар арасында да жалғасады. Балаларға жол қозғалысының негізгі ережелері, жолды қауіпсіз кесіп өту тәртібі, сондай-ақ жолдың жүру бөлігіне жақын жерлердегі қауіпсіз мінез-құлық қағидалары түсіндіріледі.

Полиция жүргізушілерді мектептер мен балалар мекемелері орналасқан аумақтарда аса мұқият болуға, жылдамдық режимін, жол белгілері мен таңбаларының талаптарын қатаң сақтауға және балаларға жол беруге шақырады. Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – полицияның, ата-аналардың, педагогтердің және жол қозғалысына қатысушылардың барлығына ортақ жауапкершілік.