Өндірісте қой жүнін кәдеге жаратудың жаңа жолы табылды
Қазір қой жүні үйге арналған жылу оқшаулағыш материал ретінде және киім, аяқ киім мен түрлі аксессуарлар жасауда, тіпті көгалдыруда пайдаланылады деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстандағы қой жүнінің 85%-ға жуығы өңделмей, кәдеге жаратылып келді. Бүгінде бұл шикізаттың қолданыс аясы кеңейіп отыр: одан үйлерге арналған жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар, өнеркәсіпке қажетті техникалық киіз өндіріледі. Тіпті ағаш отырғызу кезінде де пайдаланылады.
Қой жүнін өнеркәсіптік деңгейде өңдеу Ақтөбеде қолға алынған. Мұнда 100% табиғи қой жүнінен тоқыма емес материалдар шығаратын Орталық Азиядағы алғашқы әрі жалғыз KazFelTec кәсіпорны жұмыс істейді.
«Зауытқа шикізат негізінен Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлеріндегі шаруа қожалықтарынан жеткізіледі. Кәсіпорын жылына 3 600 тоннаға дейін жүн өңдеп, 2 100 тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қауқарлы. Өндірісте 50-ден астам жұмыс орны ашылған», - делінген хабарламада.
Қазақстандық жүн италиялық Cormatex S.r.l. компаниясының жабдығында Airlay технологиясы бойынша өңделеді. Дайын өнім NomadTherm брендімен шығарылады.
Кәсіпорын алдағы уақытта қой жүнін халықаралық нарыққа шығаруды көздеп отыр.
Еске салайық, бұған дейін биыл жеңіл өнеркәсіп саласында 8 ірі жобаны іске асыру жоспарланғаны туралы жаздық.