Медициналық ұйымның басшысынан 15 млн теңге талап еткен алаяқтар ұсталды - ҚМА
Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы қаражат жымқыру деректерінің жолын кесу бойынша жұмыс жүргізіп жатқан тұста алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Олар өзін агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, «анықталған заңбұзушылықтарды» алға тартып, медицина мекемелерінің басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытады. Сонымен қатар сыйақы берсе, жауапкершілікке тартпауға уәде етіп, ақша талап етеді», делінген хабарламада.
Осындай алаяқтық схеманың жолы Түркістан облысында кесілді.
Екі адам өзін агенттік қызметкері ретінде таныстырып, алдау жолымен медициналық ұйымның басшысынан 15 млн теңге көлемінде ақша алуға тырысқан. 5 млн теңгені алғаннан кейін алаяқтар қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен.
8 тамызда оларды Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері агенттіктің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, қылмыс үстінде ұстады.

Сот сыбайластарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр.
ҚМА жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып немесе жазадан құтылуға көмектесеміз деп уәде беріп, ақша талап ету — заңсыз әрекет екенін ескертеді. Мұндай деректер туралы Call орталыққа 1458 нөмірі арқылы дереу хабарлау қажет.
Еске сала кетсек, астаналықтар алаяқтардан қорғанудың жолын үйренді