Астанада өтетін әлем чемпионатына жүзден астам елден мыңға жуық балуан келеді
Астанада күрес түрлерінен өтетін Әлем чемпионатына жүзден астам елден мыңға жуық спортшы келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялыр қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Маңызды халықаралық спорттық оқиға – күрес түрлерінен Әлем чемпионатын 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада өткізу жоспарланған. Жарысқа жүзден астам елден мыңға жуық спортшы қатысады. Әлем чемпионаты «Барыс Аренада» өтеді.
«Балуандар 30 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Оның ішінде, грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресі бойынша 10 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады»,- деді Серік Жарасбаев.
Оның сөзінше, министрлік Қазақстан күрес федерациясы және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, чемпионатқа дайындық бойынша тиісті жұмыс жоспарын әзірлеп, Ұйымдастыру комитетін құрған. Қонақтарды қабылдау аясында Ұйымдастыру комитеті спортшылар мен делегация мүшелерін елорданың 11 қонақүйіне орналастыруды жоспарлап отыр.
«Астана ірі спорт іс-шараларын өткізуде жеткілікті тәжірибеге ие. Сондықтан бұл жарысты да жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткіземіз деп ойлаймын. Қазіргі таңда барлық бағыт бойынша ауқымды дайындық жұмысы жүргізілуде. Спорт нысандарының халықаралық талаптарға сәйкестігіне, сондай-ақ спортшылар мен көрермендерге барынша қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Біздің басты мақсатымыз – әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізіп, жарысқа қатысушылардың барлығына барынша қолайлы жағдай жасау», – деді Серік Жарасбаев.
Сонымен қатар Астанада өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионаты аясында United World Wrestling (UWW) есеп беру-сайлау конференциясы өтеді.
Еске салсақ, Жантілек Нұртілепұлы «Qazaqstan Barysy-2026» чемпионы атанды.