237 адам пиротехниканы елдімекенде қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды - ІІМ
ІІМ азаматтарды пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және айналадағы тұрғындардың тыныштығын бұзбауға шақырады. Жыл басынан бері пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзғаны үшін 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Соңғы уақытта көпқабатты үйлердің тұрғындары туған күн және өзге де мерекені аулада отшашу ұйымдастыру арқылы атап өтуі жиілеп кетті. Оның ішінде түнгі уақытта да пиротехникалық бұйымды қолдану да бар. Алайда бірнеше минутқа созылатын мерекелік отшашу көршілердің наразылығын тудырып қана қоймай, жарақат алуға, өрт шығуына және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Еске саламыз: елдімекендерде пиротехникалық бұйымды қолдануға белгіленген талапты сақтаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Заңнамада мерекелік күндерге, соның ішінде Жаңа жыл түніне қатысты ешқандай ерекшелік қарастырылмаған. Жыл басынан бері пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзғаны үшін 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 237 адам пиротехникалық бұйымдарды елдімекенде қолданғаны үшін, тағы 14 адам оларды сақтау, пайдалану, тасымалдау және сату тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылған.
Мұндай құқық бұзушылықтардың ең көп саны ірі қалаларда тіркеледі. Астанада 74 адам, Алматыда 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Сертификатталмаған пиротехниканы пайдалану және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау ауыр жарақаттарға және өртке әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері өртке қарсы қызмет мамандарымен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.
Пиротехникалық бұйымдарды жеткізушілер, қоймалар, базарлар мен сауда орындары тексеріліп, заңсыз сауда жасауға және сертификатталмаған пиротехниканы өткізуге жол бермеу шаралары қабылданып жатыр.
Тағы бір маңызды мәселе – тыныштықты сақтау. Жыл басынан бері еліміз бойынша 79 мыңнан астам тыныштықты бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде 78 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Азаматтарды мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде жауапкершілік танытуға шақырамыз. Қауіпсіздік талаптарын сақтап, тек сертификатталған пиротехникалық бұйымдарды сатып алыңыздар және айналадағы адамдардың тыныштығын ескеріңіздер. Мереке жарақатқа, өртке немесе өзге адамдарға қолайсыздық туғызатын жағдайға айналмауы тиіс», делінген ескертуде.
Еске салсақ, мейрамхана маңында отшашу атқан астаналық 5 тәулікке қамалды.