Жүргізуші куәлігінен айырылған жамбылдық қайта рульге отырғаны үшін ірі көлемде айыппұл арқалады

Жүргізуші куәлігінен айырылған жамбылдық қайта рульге отырғаны үшін ірі көлемде айыппұл арқалады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Куәгердің хабарламасынан кейін 9 айға көлік басқару құқығынан айырылған жігітке қайта рульге отырғаны үшін ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облыстық сотына сілтеме жасап. 

Әкімшілік құқық бұзушылық істі Талас аудандық соты қарады. Сотта 22 жастағы тұрғын Б. көлік басқару құқығынан айырылса да қайтадан көлiк жүргізгені анықталды. 

Ол 2025 жылы қазан айында жол-көлік оқиғасы бойынша айыпты болып, Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты 9 ай мерзімге көлік басқару құқығынан айырған. Алайда, ол бірнеше айдан кейін қайтадан рульге отырады.

Биыл ақпан айында Талас ауданындағы жанармай бекетінде Toyota Camry басқарғанын басқа бір жүргізуші көріп қояды. Өйткені бұл оның көлігін соғып кінәлі болған. Ол бірден полицияға хабарлайды. 

Полиция ақпаратты тексеріп, бейнебақылау камерасының жазбаларын қарап фактіні растайды.

Сотта Б. кінәсін мойындады. Оны сот жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Сот қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 3-бөлігіне сәйкес 216 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Еске сала кетсек, елордада қауіпті жарыс ұйымдастырған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды.