Қытай блогері Тао Минсю «Достық» орденімен марапатталды

Қытай блогері Тао Минсю «Достық» орденімен марапатталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Миллиондаған оқырманы бар қытайлық блогер, Kazakh Tourism амбассадоры Тао Минсю Мемлекет басшысының атынан ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Награданы оған ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Марапат Тао Минсюдің Қытай медиакеңістігінде Қазақстанды танытуға, оның мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін насихаттауға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.

«ІІ дәрежелі «Достық» ордені – бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіңіздің жоғары мемлекеттік бағасы. Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды, оның бай мәдени мұрасын, көркем табиғатын және туристік әлеуетін жақынырақ таныды», – деп атап өтті Аида Балаева.

Тао Минсю, сондай-ақ Тао Тао есімімен де танымал, Қазақстанға алғаш рет 2024 жылғы қыркүйекте арнайы шақырылған медиа-инфлюенсер ретінде келген болатын. Содан бері ол Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында болып, қамтылымы 1 миллиардтан асатын жүзден астам материал жариялады.

2025 жылғы мамырда оған «Қазақстан туризмінің елшісі» құрметті мәртебесі берілді.

Қазақстанға бесінші сапары аясында блогер Алматы – Ақтау – Түркістан бағытымен сапарлап, Амал және Наурыз мерекелеріне арналған іс-шараларға қатысты. 

Екі ел арасындағы туристік ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. 2024 жылы Қазақстанға Қытайдың 655 мың азаматы келсе, былтыр бұл көрсеткіш 968 мың адамға жетті.

Еске сала кетсек, Бейжіңде Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының салтанатты ашылуына мың адам қатысты.