Астанадағы ғимараттың қасбетіне гүлмен көмкерілген қыз баланың бейнесі салынды

Астанадағы ғимараттың қасбетіне гүлмен көмкерілген қыз баланың бейнесі салынды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Сарайшық ауданында Қуанышбаев көшесіндегі ғимараттың қасбетіне табиғаттың жаңаруы мен қаланың көркем келбетін бейнелейтін «Қыз өссе, елдің көркі» атты жаңа мурал салынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Қабырғадағы туынды қалалық кеңістіктің маусымдық жаңаруы мен өңірдің мәдени болмысын айшықтайтын тұжырымдамаға негізделген.

Гүлмен көмкерілген қыз баланың бейнесі көктемнің келуін, табиғаттың қайта түлеп, жаңаруын және далаға тән үйлесімділікті білдіреді.

Композицияда кейіпкердің назары көше кеңістігі мен LRT желісіне ауған. Бұл – қала инфрақұрылымының дамуын сырттай бақылап, алдағы оң өзгерістерді күтуінің символдық көрінісі. Мұндай көркем жобалар ауданның эстетикалық келбетін арттыруға бағытталған.

Идея авторы әрі муралдың суретшісі – Темірлан Әбенов.

Еске сала кетсек, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Сарайшық ауданында «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» салынып, тұрғын үйдің қасбетіне жұмысшы мамандық иелеріне арналған мурал салынды.