Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды

Бүгін, 14:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада 2025 жылы 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақ, гүлзар, желекжол) абаттандырылды. Қаланы абаттандыру жұмысымен қатар ауқымды көгалдандыру да жүргізілді. Биыл қала аумағында 1,1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Абаттандыру жұмысы елорданың барлық ауданын қамтыды. Мәселен, Ататүрік атындағы саябақтың жағалауы тас жағалау технологиясын қолдану арқылы жаңартылды. Бұл бір мезетте аумақтың сыртқы келбетін жақсартып, жағалауды судың шайылуынан қорғауға және суға дейінгі аумақты қауіпсіз етуге мүмкіндік берді. Бейбітшілік пен келісім саябағында «Өмір ағашы» монументінің күмбезін қоса алғанда, бірегей арт-инсталляциялар орнатылды. Мәмбетов көшесі бірыңғай сәулеттік стильде абаттандырылды, сол сияқты «Тұлпар» сауда үйінің алдындағы гүлзар жаңартылды. Сонымен қатар магистральді көшелер – Мәңгілік Ел, Абай, Нәжімеденов, Түркістан көшелерін абаттандыру жұмысы қатар жүргізіліп жатыр. Біз кедергісіз орта қалыптастыруға көштік: ыңғайлы әрі қауіпсіз тротуарлар мен өткелдер жасалуда. Триатлон паркінің маңындағы жағалауды қайта жаңғырту жалғасуда: серуендеуге арналған жаңа орындар, спорт аймақтары ашылып, ірі ағаштар отырғызылып жатыр», – деді Жеңіс Қасымбек.

Астана әкімі GreenLine жаңа жаяу жүргіншілер желекжолының жүзеге асырылу барысы туралы да айтып өтті. Оның жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асады және Төле би көшесінен Айтматов көшесіне дейін созылады. Жоба екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең – Әнет баба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі аумақ толық аяқталды. Бұл жерде ірі ағаштар отырғызылып, тоғандар жүйесі жасалды. Желекжол аумағында ойын және спорт алаңдары, арнайы тақырыптағы аймақтар абаттандырылды.

Сондай-ақ Астанада Жүргенов көшесі абаттандырылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай «Сарайшық» ауданында жаңа «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» салынды. Аллея аумағында балалар ойын алаңы мен жаттығу құрылғылары орнатылып, ағаштар отырғызылды, жергілікті суару жүйесі жүргізілді. Үйдің қасбетіне жұмысшы мамандық иелеріне арналған мурал салынды, тақырыптық инсталляциялар орнатылды және басқа да абаттандыру элементтері жүзеге асырылды.

Ал «Алматы» ауданында жалпы аумағы 25 000 шаршы метрді құрайтын Күйшілер аллеясына ауқымды қайта жаңғырту жүргізілді. Мұнда ойын алаңдары, жаттығу және воркаут аймақтары жасалып, орындықтар орнатылды, кешенді көгалдандыру жүргізілді, тіреу қабырғалары мен заманауи суару жүйесі орнатылып, автотұрақ аумағы кеңейтілді және өзге де жұмыстар атқарылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы ауқымды жоба – Мыңжылдық аллеясын іске асыруды бастаймыз. Оның тұжырымдамасы транзиттік көлік қозғалысынан тыс, серуендеуге, спортпен шұғылдануға және демалуға қолайлы 4 шақырымдық желілік саябақ құруға негізделген. Жоба бірнеше кезеңге бөлінген: алғашқы кезең белсенді түрде дамып жатқан тұрғын үй кешендері орналасқан аумақтарды қамтиды; сонымен қатар «Нұрлы жол» вокзалы маңында маңызды тартымды орынға айналатын вокзал маңы саябағын іске асыру жоспарланып отыр», – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек. 

Алдағы уақытта Мыңжылдық аллеясы бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен дамитын болады. Бұл ретте негізгі идея – үздіксіз жасыл маршрут қалыптастыру, заманауи қоғамдық кеңістіктерді, кедергісіз ортаны, автономды дренаж жүйесін және көгалдандыруды сақтау көзделеді. Мыңжылдық аллеясы қаланың жаңа осіне айналып, негізгі аудандарды өзара байланыстырып, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, заманауи әрі экологиялық кеңістік қалыптастырады.