Алматыдағы жол апаты жөнінде ІІМ басшысы: Мәртебесіне, лауазымына қарамастан ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды
Ішкі істер министрі Мемлекет басшысының 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес ІІМ Алматы қаласындағы резонанстық жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеру және кінәлілердің жазадан жалтармауын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатқанын жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісін сот шешімімен қамауға алу шарасы қабылданды. Оның апат кезінде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірдің заңсыз берілуі бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр. Қоғамда таралған барлық мәлімет тексеріліп жатыр..
Жағдайға объективті баға беру үшін Алматы қаласына ІІМ комиссиясы — Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент жіберілді.
Қызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.
Қазіргі уақытта қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр.
Қалаға басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберілді. Кең ауқымды тексеру және рейдтік өтіп жатыр. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару фактісі бар. 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды. Осындай күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүргізіледі.
«Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлі заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды», - деп жазды ІІМ басшысы Ержан Саденов.
Еске сала кетсек, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Алматыдағы резонанс тудырған жол-көлік оқиғасы ерекше бақылауында екенін мәлімдеген еді.