«Орындалмайтын арманды айтты»: Аймағамбетов мұғалімдер жалақысының өсуі туралы

Бүгін, 15:28
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Орындалмайтын арманды айтты»: Аймағамбетов мұғалімдер жалақысының өсуі туралы
Фото: Асхат Аймағамбетов/ Facebook

Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Осыдан алты жыл бұрын, егер мұғалімдердің жалақысы екі есеге өседі, бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі, Ұлттық қордың қаражаты барлық балалардың шотына аударылып, қарапайым жұмысшы мамандары, Ақордада, мемлекеттік наградаларды алады десе, бұған сену тұрмақ, көпшілік бізді орындалмайтын арманды айтты деп сөгер ме еді.

Бірақ, заман өзгерді.

Қазір енді, бұл бастамаларға таңғалмақ түгілі қалыпты жағдай, норма ретінде қарайтын болдық. Әрқашан, бәрі осылай болғандай қабылданып, тіпті уақытылы орындалмаса, проблема ретінде көтеретін болдық», - деген ол бұған дейін ьұғалімдердің орташа жалақысы небәрі 109 мың теңге болса, бүгінде ол екі еседен астам өскенін айтты.

Ол, сондай-ақ, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы қандай өзгерістер мен жетістікке жеткізіп отырғанын айтты.

«Мәжбүрлі түрде газет-журналдарға жазылу, көше сыпыру, шексіз есеп беру міндеттері заңмен тоқтатылды.

Тіпті бүгін, осындай жағдайлар болса, оған қоғамның өзі қарсылық танытып, резонанс тудыратын жағдайға келдік.

Бұрын, мұғалім мамандығын түлектер амалсыздан, абыройлы мамандықтарға түсе алмағанда ғана таңдайтын. Ал қазір ол беделді мамандықтың қатарына кірді.

Енді бұл мамандыққа ең мықты түлектер түсіп жатыр.

Мысалы, педагогикаға түсетін талапкерлердің орташа балы 55-тен 100 баллға дейін көтерілді. 

Педагог мәртебесін көтеру - Президенттің маңызды реформасы, әрі балалардың жарқын болашағына деген айқын қадам», - деді ол.