Арнайы су пайдалану: рұқсат қашан қажет және оны қалай алуға болады

Бүгін, 09:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Арнайы су пайдалану: рұқсат қашан қажет және оны қалай алуға болады
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі Жаңа Су кодексі бойынша су пайдаланудың тәртіптері туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz  ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

1.Жаңа Су кодексі су пайдаланудың түрлерін нақты ажыратады: бір мәселе - суды жеке тұрмыстық қажеттілікке пайдалану болса, мүлде басқа мәселе - кәсіпорын, ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін суды сорғы арқылы алу немесе тазартылған ағын суды су айдынына төгу.

Екінші жағдайда әңгіме арнайы су пайдалану туралы болып отыр. Мұндай қызмет үшін міндетті түрде рұқсат қажет.

Кім рұқсат алуға міндетті?

ҚР Су кодексінің 45-бабының 2 және 3-тармақтары

Рұқсат өзеннен, көлден немесе басқа жерүсті су объектілерінен тікелей су алатындарға, жерасты суларын пайдаланатындарға, жер қойнауын пайдалану немесе құрылыс жұмыстары кезінде дренаждық және ілеспе алынатын жерасты суын пайдаланатындарға, тазартылған ағын суларды су объектілеріне төгетіндерге немесе гидротехникалық нысандар арқылы жерүсті ағынын реттейтіндерге қажет.

Рұқсат қандай жағдайда қажет емес? Егер су орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылмайтын бірінші су қабатындағы шахталық немесе құбырлы құдықтан алынса, елді мекенді орталықтандырылмаған сумен қамту кезінде тәулігіне 5 текше метрден аспайтын көлемде пайдаланылса, шалғай жайылымдарды суландыру үшін қолданылса, еріген қар, жауын-шашын немесе тасқын суды жинау мақсатында пайдаланылса, рұқсат талап етілмейді.

Мал суару үшін рұқсат керек пе?

Егер шаруа немесе мал өсіруші шалғай жайылымдарды пайдаланып, мал суару үшін құдық, ұңғыма немесе тоғанда су жинау қажет болса, арнайы су пайдалану рұқсатын алу талап етілмейді.

Алайда бірнеше шарт бар: жайылым жергілікті мәслихат бекіткен жайылымдарды басқару жоспарына сәйкес ресми түрде шалғай жайылым ретінде белгіленуі тиіс, ал су жинайтын тоған көлемі 2 млн текше метрден аспауы керек.

Рұқсат алу үшін не қажет?

ҚР Су кодексінің 45-бабының 4-8-тармақтары

Рұқсат беру мемлекетке су ресурстарының ұқыпты, тиімді және қауіпсіз пайдаланылатынына кепілдік беру үшін қажет. Рұқсаттың берілуі су пайдаланушының жұмысқа нақты дайын екенін және барлық талапқа сәйкес келетінін білдіреді. 

Ең алдымен өтініш берушінің сорғысы, ұңғымасы, су алу торабы немесе басқа техникалық құрылғысы болуы тиіс. Бұл нысандар заңды негізде меншігінде немесе пайдалану құқығында болуы қажет. Әрбір нысанға техникалық паспорт, пайдалану қағидалары, ал қауіпті гидротехникалық құрылыстарға қосымша қауіпсіздік декларациясы қажет.

Міндетті түрде қанша су алынғанын немесе төгілгенін тіркейтін есептегіштер мен өлшеу құралдары болуы тиіс. Бұл құралдар мемлекеттік өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесінің тізілімінде тіркеліп, ресми тексерістен өткен болуы керек.

Бұдан бөлек, су пайдаланушы су ресурстарын пайдалану бойынша өндірістік бақылау жүргізуге, су тұтыну мен су бұрудың келісілген нормаларына ие болуға міндетті.

Егер су шаруашылық-ауыз су қажеттілігі үшін алынатын болса, онда жерүсті және/немесе жерасты суын алу кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болуы керек, сондай-ақ ауыз су алатын құрылыстардың санитариялық қорғау аймақтары қарастырылуы тиіс. Бұл ауыз судың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Ал тазартылған ағын суды төгетіндер үшін қосымша I және II санаттағы объектілерге - экологиялық рұқсат, III санаттағы объектілерге қоршаған ортаға әсер туралы декларация қажет болады.

Егер су өзеннен немесе басқа жерүсті су объектісінен алынатын болса, су алу құрылғысында міндетті түрде балықты қорғау және/немесе балық өткізу құрылғысы болуы тиіс. Бұл балық қорына зиян келтірмеу үшін қажет.

Егер жерасты суын алу көлемі тәулігіне 50 текше метрден асса, жерасты су қоры бекітілген болуы керек. Ал көлемі тәулігіне 1000 текше метрден асқан жағдайда қосымша, жерасты суына мониторинг жүргізу бағдарламасы, су алу жобасы болуы қажет. Бұл құжаттар жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісілуі тиіс.

Жаңа Су кодексі су объектілерін сарқылудан қорғау және су үнемдеуді негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітті.

Сондықтан 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап рұқсат алу үшін су шығынын азайту, озық қолжетімді технологияларды енгізу жөніндегі (кемінде бес жылдық) жоспар ұсынылуы қажет. Бұл талап суды жерүсті су объектісінен тікелей, су алмай пайдаланатындарға немесе озық технологияларды толық енгізіп, өндірістік емес су шығынын қысқартқан су пайдаланушыларға қолданылмайды. Сонымен қатар сұралатын су көлемі белгілі бір санаттағы су пайдаланушылар үшін белгіленген су пайдалану лимитінен аспауы тиіс. Мысалы, белгілі бір су шаруашылығы учаскесінде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне нақты лимит белгіленсе, барлық рұқсат сол лимит шегінде берілуі керек.

Өтініш қалай беріледі және қанша уақыт қаралады?

ҚР Су кодексінің 92 және 46-баптары

Өтініш бассейндік су инспекциясына беріледі. Өтінішпен бірге барлық рұқсат талаптарының орындалғанын растайтын құжаттар қоса тапсырылады. Суға қажетті көлемді өтініш беруші су тұтыну және су бұрудың үлестік нормалары негізінде өзі есептейді. Ал бассейндік инспекция сұралған көлемді қолданыстағы су пайдалану лимиттерімен салыстырады.

Құжаттардың толық пакеті тапсырылған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей қаралады.

Рұқсат қандай мерзімге беріледі?

Стандартты мерзім - 5 жыл. Егер өтініш беруші қысқа мерзім сұраса, рұқсат сол мерзімге беріледі. Егер жерасты су қорының бекітілген мерзімі ертерек аяқталса, рұқсат мерзімі сонымен шектеледі. Ал жерасты суының баланстық қоры мүлде бекітілмесе, тәулігіне 1000 текше метрге дейінгі қажеттілік кезінде рұқсат 3 жылға беріледі. Бұл жағдайда пайдалану барысында міндетті түрде мониторингтік зерттеулер жүргізілуі тиіс.

Рұқсатсыз жұмыс істесеңіз, жауапкершілікке тартыласыз

ӘҚБтК-нің 141-бабы

Арнайы су пайдалануды рұқсатсыз жүзеге асырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 141-бабына сәйкес айыппұл қарастырылған:

жеке тұлғаларға - 50 АЕК;

лауазымды тұлғалар мен шағын бизнеске - 100 АЕК;

орта бизнеске - 150 АЕК;

ірі бизнеске - 850 АЕК.

Жаңа Су кодексінің басты қағидаттарының бірі - су заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы.

Арнайы су пайдалану құқығын шектеу, тоқтата тұру және тоқтату

ҚР Су кодексінің 48 және 49-баптары

Арнайы су пайдалануға берілген рұқсат шектеусіз құқық болып табылмайды. Су кодексінде көзделген жағдайларда арнайы су пайдалану құқығы шектелуі, тоқтатыла тұруы немесе толық тоқтатылуы мүмкін.

Мұндай шаралар келесі жағдайларда қолданылады:

су тапшылығы туындағанда;

су объектілерінің ластану немесе сарқылу қаупі болғанда;

су объектілері мен экожүйелердің сақталуы үшін қажетті ең төменгі су деңгейін қамтамасыз ететін экологиялық ағынды сақтау қажет болғанда;

халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе су объектілеріне қауіп төнген жағдайда;

су пайдаланушы заңнама талаптарын немесе рұқсатта белгіленген шарттарды бұзған кезде.

Осындай жағдайларда уәкілетті орган арнайы су пайдалану құқығын шектеуге, оның ішінде рұқсат етілген су пайдалану көлемін қысқартуға немесе су алуға уақытша шектеу енгізуге құқылы. Бұл ретте халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайының нашарлауына жол берілмейді.

Су заңнамасының талаптары немесе су пайдалану шарттары бұзылған жағдайда рұқсаттың қолданылуы тоқтатыла тұруы мүмкін. Егер анықталған бұзушылықтар жойылмаса, онда арнайы су пайдалану құқығы тоқтатылуы мүмкін.

Арнайы су пайдалану құқығын тоқтатуға негіз болатын жағдайларға, соның ішінде рұқсаттың қолданылу мерзімінің аяқталуы, су пайдаланушы қызметінің тоқтатылуы немесе су ресурстарының пайдаланылмауы жатады.