Өңірлер су үнемдеу технологиялары бар егіс алқаптарын ұлғайту қажет - Премьер-Министр
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында вегетациялық кезеңнің өту қорытындылары қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметке сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация, ауыл шаруашылығы министрлерінің, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Елімізде биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы болған жоқ. Дихандар егін шығынынсыз, толық көлемде егіндік сумен қамтамасыз етілді. Оңтүстік аймақтарға тұрақты суару үшін 10,9 км3 су берілді. Жалпы көлемі 1,5 млн гектардан астам суармалы жерлерде биыл шаруалар дәнді, майлы дақылдар, жемшөп, бақша дақылдарын, мақта, картоп, күріш, көкөністер, қант қызылшасын өсірді. Оның ішінде 397,3 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары пайдаланылды.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында экономика салаларында, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдану керектігін атап өтті. Елімізде су қоры көп емес. Сондықтан оны барынша үнемдеп жұмсап, халықты ғана емес, бірінші кезекте бизнесті соған ынталандырып отыру керек. Өңірлер су үнемдеу технологиялары бар егіс алқаптарын ұлғайту жөніндегі индикаторларға қол жеткізуі тиіс», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарынан едәуір артта қалған аймақтар аталды. Мәселен, Жамбыл, Қарағанды және Атырау облыстарының бекітілген индикаторлары төмендетіп жіберді, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары жоспарды орындай алмады.
Аталған өңірлердің әкімдіктеріне көрсеткіштерді қайта қарап, тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Суару тиімділігін арттыру арқылы белгіленген жоспар артығымен орындалған Қызылорда облысы оң мысал ретінде келтірілген. Бұл тәжірибені басқа өңірлерде, әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде қолдану керек, деп атап өтті Олжас Бектенов. Сондықтан су үнемдеу технологияларын қолданып, суды көп қажет ететін дақылдар аумағын оңтайландыру бойынша шаралар қабылдаған жөн.
Премьер-Министр вегетациялық кезеңде көрші елдермен сапалы келіссөздер жүргізудің маңызы зор екенін атап өтіп, мемлекеттік органдар мен шекаралас өңір әкімдіктеріне тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Су ресурстары және ирригация және Ауыл шаруашылығы министрлігі су қоймаларын толтыра отырып, суару кезеңінде судың ысырап болуын азайту арқылы келесі вегетациялық кезеңнің басталуына сапалы дайындық жүргізуі қажет.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мүмкіндігінше қысқа мерзімде Су ресурстары және ирригация министрлігімен егіншілерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялау және су үнемдеу технологияларын инвестициялау кезінде шығындарды өтеу функцияларын да бекітіп бергені жөн.
Су үнемдеу технологияларын ынталандырудың жаңа тетіктерін әзірлеу маңызды. Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары және ирригация министрліктеріне тиісті тапсырма берілді. Мемлекеттік органдардың міндеті – су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы алқаптарды жыл сайын
150 мың гектарға дейін ұлғайту.