00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Cross Ice Hockey 4x4: Елордада балалар арасындағы ерекше хоккей жарысы мәресіне жетті

27 қараша, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Cross Ice Hockey 4x4: Елордада балалар арасындағы ерекше хоккей жарысы мәресіне жетті
Фото: Қанат Байұзақов

2016 жылы дүниеге келген жас хоккейшілердің арасында ұйымдастырылған 4x4 форматы бойынша бәсекенің жеңімпазы анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шайбалы хоккейден 25-27 қараша күндері аралығында Hockey Planet мұз сарайында өткен Cross Ice Hockey 4x4 турнирі ресми түрде аяқталды. Үш күнге жалғасқан додада «Барыс», «Бригантина», «Астана» хоккей клубтарының 9 командасы сынға түсті.

«4x4 форматының жас балалар үшін бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, көлемі кішкентай алаңда хоккейшілер мұзда сырғанауды тез үйреніп, әр шайбаға жылдам таласа алады. Екіншіден, әр хоккейші көп уақыт шайбаға иелік етеді. Бұл сенімділікті арттырып, техникалық шеберлікті арттырады. Үшіншіден, жас ойыншы жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауды үйренеді. Жалпы үш күндік жарыста командалар біршама ойын тәжірибесін жинақтап, командалық рухты арттыра алды деп ойлаймын», - деп турнирдің ұйымдастырушысы Абай Мукушкин пікірін білдірді.

Қысқы спорт түрлерінің арасында танымалдылыққа ие шайбалы хоккей тұрғындар тарапынан да үлкен сұранысқа ие.

Астана қаласы әкімдігінің №10 балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандырылған спорт мектебінде 5-17 жас аралығындағы 533 бала жаттығады.

Жарыстың қорытындысы бойынша «Барыс-4» чемпион атанса, «Барыс-3» командасы күміс жүлде алды. Үздік үштікті «Барыс-2» ұжымы түйіндеп, үздік хоккейшілер түрлі номинациялар бойынша марапатталды.

«Бастапқы сәтте қобалжу болғанымен, батылдық, ата-анамыздың қолдауы, сенімділіктің арқасында ойынға кіріп кете алдық. Жалпы күнделікті жаттығатын болғандықтан, үнемі жеңіске жетуге ұмтыламыз. Көптеген турнирлерде жеңіске жетіп жүрміз. Астанадан бөлек, Екібастұз, Қарағанды қалаларында да жарыстарға бардым. «Кіші жеңіс – үлкен жеңістің бастауы» дейді ғой. Қазіргі сәттегі еңбегім ақталып, болашақта мұхиттың арғы жағында үздіктермен ойнап, ұлттық құраманың намысын қорғайтын хоккейші болуға барымды саламын», - деді «Барыс-4» командасының сапында чемпион атанған Алнұр Мақсат.

Ұйымдастырушылар турнирде елордалық 9 клубты қамтыса, енді алдағы уақытта географияны кеңейтіп, бәсекелестікті одан ары арттырмақ.

Айта кетейік, қазіргі сәтте дәстүрлі 5х5 хоккейі әлемде өзгеріске ұшырап, 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында 3х3 форматы енгізілуі мүмкін болса, елордалық «Барыс» клубы желтоқсан айының соңында Құрлықтық хоккей лигасының бастамасымен 3х3 жүйесінде ұйымдастырылатын алғашқы бәсекеде өнер көрсетеді.