Астанада қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы өтеді
Астанада ерлер мен әйелдер арасындағы қоян-қолтық жекпе-жектен өтетін әлем кубогының финалына 15 елден 200-ден астам спортшы қатысады. Мұндай деңгейдегі сайыс ел тарихында алғаш рет өтпек, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Жарыста сынға түсетін жауынгерлердің арасында Испания, Швейцария, Марокко, Үндістан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Беларусь, Египет, Румыния, Тунис, Германия, Таиланд, Қазақстан және тағы басқа елдердің өкілдері бар. Жарысқа қатысушылар – әлем, Еуропа, Азия чемпиондары, әлем кубогының иегерлері және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.
Әлем кубогын ұйымдастырушылар – ҚР Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы мен еліміздегі Қоян-қолтық ұрыс қауымдастығы.
«Қоян-қолтық ұрыс – әскери-қолданбалы спорт түрі. Ол елдің барлық күштік құрылымдарында бар. Қарулы күштерде ол әскери қызметшілерді жауынгерлік даярлау бағдарламасына енгізілген. Қоян-қолтық ұрыспен айналысу әскери қызметшілерді төзімділікке, рухтың беріктігіне тәрбиелейді және оларға қойылған мақсатқа жетуге көмектеседі», – деді Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының бастығы, полковник Арман Әбеуов.
Спортшылар «Сайыс», «Өзін-өзі қорғау» және «Өзін-өзі қорғау 1+1» пәндерінде 10 салмақта өнер көрсетуі тиіс.
Кубокқа армия спортшылары, қоян-қолтық ұрыстан, панкратионнан, ММА және жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, қоян-қолтық ұрыстан Азия және әлем чемпионаттарының қола және күміс жүлдегері, ХІХ Азия ойындарының қола жүлдегері, ефрейтор Аян Тұрсын, қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпиондары, лейтенанттар Арман Ерменбет пен Айдын Нұриддинов, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнирдің чемпионы, сержант Санат Садықов, панкратионнан әлем чемпионатының жүлдегері Абылай Шәкірбеков қатысады.
Финалдық жекпе-жекті Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті, бүкілресейлік және халықаралық чемпионаттар мен қоян-қолтық ұрыс пен каратэ турнирлерінің чемпионы және жүлдегері Сергей Астахов бақылайды.