Бүгін Сарыарқа ауданындағы шыршалардың шамы жарқырады
Бүгін қаланың Сарыарқа ауданындағы шамдар да бұрынғыдан ерекше жарқырады. Өйткені мұндағы 3 метрден 18 метрге дейінгі биіктіктегі алты шырша шамы бір мезетте жарқ етіп жанып, тұрғындарға Жаңа жыл мерекесінің жақындап қалғанын сезіндіргендей болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Әсіресе, ауданның басты алаңында орнатылған 13 метрлік тірі шырша тұрғындарды қуанышқа бөледі. Жарқыраған бұғылар мен аюлардың пішіндері бар суретке түсу аймақтары бейне ертегі әлеміне жетелегендей әсер қалдырды. Осы сиқырлы сәтті өздерінің отбасылық тарихына сақтау үшін Сарыарқа ауданының үлкен-кіші тұрғындары ерекше атмосфералы орынға суретке түсіп, шат-шадыман көңіл күйге бөленді.
Белсенді демалысты жаны сүйетін ересектер мен балалар мұндағы 600 шаршы метрлік мұз айдыны мен мұз сырғанағында коньки теуіп, асыр салып сырғанап, кешкі қаланың көрігін қыздырды.
Аудандағы Бөгенбай батыр даңғылы, 43 мекенжайындағы саябақтағы 500 шаршы метрлік мұз айдыны да ата-аналар мен балаларды менмұндалап шақырып тұрды. Ал түрлі түсті шамдары жалт-жұлт еткен шырша, жарқыраған шарлар мен сыйлыққа толы шаналар қысқы мерекені одан сайын сән-салтанатқа бөледі.
«Көктал» саябағы да бүгін ерекше жанданып, отбасылық демалысқа арналған сырғанақтар, мұз айдыны және 18 метрлік шыршасы бар мерекелік аймақты тамашалаушы тұрғындардың қарасы мол болды.
Сонымен қатар Есіл өзенінің жағалауында үлкен мұз айдыны ашылып, түрлі деңгейдегі сегіз сырғанақ дайындалған болатын. Бұл аумақта орнатылған 8 метрлік шырша да көрген жанның көзайымына айналды.
Жаңа жыл қарсаңында «Наз» театрының жанындағы гүлзар мәдени-демалыс аймағына айналды. Гүлзардағы 3 метрлік мерекелік шырша мен тақырыптық фотоаймақтар қысқы шаһардың көрінісін тамашалауға шыққан қала тұрғындары мен қонақтарын бейжай қалдырмады.
Ал «Юбилейная» көшесі, 22 мекенжайында биіктігі 8 метрлік тірі шырша, «Агрогородок»тұрғын алабында, «Оқжетпес»және Герцен көшелерінің қиылысында сырғанақ, мұз айдыны және көңілді уақыт өткізуге арналған жарқын фотоаймақтар, сөз жоқ, тұрғындардың айналадағы көріністен ләззат алып, кешкі қалада көңілді серуендеуіне қолайлы орта қалыптастырды.