Елордада тұрғын үй алаптарындағы проблемалық мәселелер талқыланды


Бүгін тұрғын үй алаптарындағы проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркеновтің қатысуымен өткен көшпелі отырыста талқыланды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қала тұрғындарына жайлы жағдай жасау бойынша кез келген жұмыс тұрғындармен диалогқа тәуелді. Аудан әкімдері мен мәслихат депутаттары белсенді тұрғындармен тікелей байланыста жұмыс істейді.
Жолдар салу мен жөндеу, инфрақұрылымның тозуы мен оны жаңарту, көгалдандыру, абаттандыру және газдандыру, мектептер мен ауруханалар салу – бұл екі сағаттан астам уақыт талқыланған мәселелердің толық тізімі емес», - дейді Е.Каналимов.
Оның айтуынша, келесі жылдың басында Құрылыс, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, энергетика, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану, сондай-ақ коммуналдық шаруашылық басқармаларының жұмыс жоспарлары тыңдалатын болады.
«Жол картасын дайындауды тапсырдым, онда үш санатты нақты көрсету қажет: басымдыққа ие жобалар, белгіленген мерзімде іске асырылуға тиісті жобалар және кейінге қалдырылған жобалар. Бұл құжат елордадағы тұрғын үй алаптарында жүзеге асырылатын жұмыстардың нақты жоспарын қамтамасыз етеді», - деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы.