Астаналық тыл еңбеккерлері әскери техникалар шығаратын зауытты аралады

6 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық тыл еңбеккерлері әскери техникалар шығаратын зауытты аралады
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада тыл еңбеккерлері әскери техникалар шығаратын отандық зауытты аралап шығып, жұмыс барысын көріп қайтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Kazakhstan Paramount Engineering зауыты Жеңістің 80 жылдығына орай тыл еңбеккерлерін арнайы қонаққа шақырды.

Қонақтар зауыттың өндірістік цехтарын аралап, заманауи бронетехника қалай жасалатынын өз көздерімен көріп, зауыт қызметкерлерімен еркін тілдесе алады. Тыл еңбеккерлері құрышталған Barys 8*8 әскери көлігіне мініп, құрылысымен танысты.

«Сіздер жасаған ерлік пен еңбектің бағасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Майдан даласында қан төккен жауынгерлердің ерлігі де, тылда маңдай терін төккен сіздердің қажырлы еңбектеріңіз де – жеңіске жетудің теңдессіз үлесі. Біз үшін бейбітшілікті сақтау, сіздер салған сара жолды жалғастыру – қасиетті парыз. Біздің зауытта құйылған әрбір болат бөлшек – Отанымыздың қорғанысын нығайту жолындағы үлесіміз», - деді «Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Басқарма төрағасы Айбек Барыс.

Сонымен қатар әр тыл еңбеккеріне 100 000 теңге және сыйлықтармен себеттер сыйға тартылды.

«Бұл – ел үшін ерен еңбек сіңірген аға буынға деген алғысымызды білдірудің бір жолы. Біз үшін ұрпақтар сабақтастығын сақтау мен Ұлы Жеңістің рухын жас ұрпаққа жеткізу – басты құндылықтардың бірі», - делінген компания мәлімдемесінде.