00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

19 жылдан кейін Астана қаласы самбодан Әлем чемпионатын қабылдады

19 жылдан кейін Астана қаласы самбодан Әлем чемпионатын қабылдады
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Бүгін спорттық және жауынгерлік самбодан Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында ересектер арасындағы әлем чемпионаты басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Биылғы самбо бәсекесіне әлемнің 80 мемлекетінен 470 спортшы жиналды. Ал еліміздің намысын 28 спортшы қорғайды. Олардың арасында 2023 жылы Еревандағы әлем чемпионатында қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет аса ауыр салмақта топ жарған Арайлым Әбенова да бар.

«Араға 19 жыл салып, самбодан әлем чемпионаты қайта қазақ даласына оралып отыр. Бұл Қазақстан үшін үлкен жетістік. Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спорт пен отандық туризмді дамыту керектігін айтып еді. Міне бүгінгі жарысымыз осы міндетті орындауға үлес қосып жатыр деп ойлаймын. Қазіргі сәтте елімізде 42 682 спортшы самбомен шүғылданады. Мақтауға тұрарлық жетістіктеріміз де біршама. 2023 жылы Азия чемпионатында жалпы есепте 1-орын, Әлем чемпионатында жалпы есепте 3-орын иелендік. Елімізде де Азия кубогы, Азия және Океания чемпионаты, ардагерлер арасында Әлем чемпионаты сынды ірі жарыстарды өткіздік», - деді спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов.

10 қарашаға дейін жалғасатын айтулы додада спорттық және жауынгерлік самбодан бөлек, зағип жандар (SVI-1) да жалпы 31 жүлде жиынтығын сарапқа салатын болады.

Самбодан әлем чемпионатын өткізу туралы шешім алдын ала қабылданады. 2024 жылғы әлем чемпионатын Грузия, Түркіменстан, Қазақстан және т.б біршама елдер үмітті болды. Нәтижесінде бірауыздан Қазақстанда ұйымдастырылу туралы шешім қабылданды.

«Самбо - үлкен отбасы. Бұл спортпен айналысатындардың кейбірі денсаулығына байланысты ірі додаларды жіберуге мәжбүр болды. Ал отбасыда барлығы бір-біріне көмектесуі керек. Сондықтан биылғы әлем чемпионатына зағип жандарға да мүмкіндік бердік. Дәл осы санатта 13 елден қатысу үлкен көрсеткіш деп есептеймін.», - деп халықаралық самбо федерациясының президенті Василий Шестаков өз ойын білдірді.

Келесі жылы Чэнду (Қытай) қаласында өтетін бүкіл әлемдік ойындарына жауынгерлік самбо спорты енгізіліп, 11 жүлде жиынығы ойнатылады. Ал Астана төріндегі әлем чемпионаты келесі жылғы бүкіл әлемдік ойындарына жолдама алуға мүмкіндік береді.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 311 000 АҚШ долларын (1-орын - 4 000 доллар, 2-орын - 3 000 доллар, 3-орын - 2 000 доллар және зағиптар арасындағы чемпион - 1 000 доллар) құрайды.

Осыған дейін Астанада 2005 жылы 11-14 қарашада спорттық самбодан әлем чемпионаты өтіп, жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған еді.