Сыр елінде 11 мың орынға арналған жаңа стадион ашылады

14 ақпан, 2025
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
Сыр елінде 11 мың орынға арналған жаңа стадион ашылады
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа стадионның құрылыс алаңына барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлметінше, өңір халқының сұранысына сай салынып жатқан жаңа стадион бокс, күрес, ауыр атлетика, футболшылардың жаттығу залдарымен, йога, гимнастика-акробатика, сауықтыру-денешынықтыру залдарымен қамтылатын болады. Стадионның тағы бір ерекшелігі – УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты. 11 мың орынға арналған, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Бүгінде шығыс және батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау 100% аяқталып, қабырғалар мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Наурыз айында ғимараттың сыртқы қабырғалары, ішкі инженерлік желілері аяқталып, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру жұмыстары басталады. Нысан мамыр айында пайдалануға беріледі деп  күтілуде.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі орталығы» іске қосылғанын, жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена» және дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталатынын айтты.

Мұнан бөлек, Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал, Жаңажол, Ақай, Арал ауданының Жақсықылыш, Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылдарында, Жалағаш кентінде жаңа спорт  кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 6, облыстық бюджет есебінен 2, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 2 спорт нысаны салынуда.